Ақтаудағы Риксос қонақ үйі қаланың орталық кәріз жүйесіне қосылып, Қаракөлге қалдық су жіберіп отырған құбыр жүйесін толық алып тастады. Осыған байланысты қоршаған ортаға қандай да бір антропогендік әсерін тигізбейді. Әрі мемлекеттік бюджетке төлемдер толықтай жүзеге асырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Риксос қонақ үйіне сілтеме жасап.
Қонақүй басшылығы Rixos Water World Aktau қонақ үйіне қатысты жоспардан тыс тексеру жалғасып жатқаны туралы БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
"Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің жоспардан тыс тексеруі 22 қаңтарда аяқталды. Тексеру нәтижелері бойынша қонақүйдің қалдық ағызатын құбырындағы судың рұқсат етілген шекті бөлігінің бекітілген нормативінен химиялық құрамы бойынша шамалы асып кеткені анықталды. Бірақ Қаракөл көлі мен қоршаған ортаның жай-күйіне нақты әсер еткен жоқ. Аталған факторлардың жиынтығы ҚР ӘҚБтК 328, 331-баптарында көзделген жауапкершілікпен әкімшілік іс жүргізуді қозғауды көздейді. Сонымен қатар, уәкілетті орган экологиялық бақылау саласындағы кемшіліктерді түзетуге нұсқама берді, бұл қонақ үй мерзімінен бұрын орындалды", - деп пікір білдірді қонақүй әкімшілігі.