Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында табылған итбалықтардың саны 103-ке жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр. 29 наурыз мен 1 сәуір аралығында 78 өлі итбалық ұшасын табылды. 8 сәуірде тағы 25 өлі итбалық өлексесі табылды.
«Осы орайда Маңғыстау облысының экология департаменті су сынамаларын алды. Ал ветеринариялық станция мен гидробиология және экология институтының қызметкерлері ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе) ішінара іріктеді, ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін азу, тырнақ және жүн сынамаларын алды. Бүгінгі күні зертханалық зерттеулер мән-жайды анықтап жатыр», деп хабарлады Балық шаруашылығы комитеті.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастырып жатыр.