Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері, атап айтсақ кардиолог Арман Айназаров, невропатолог Ілияс Құлымбаев, көз дәрігері Наргүл Жұмаева, хирург Талғат Мұқантаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс лор-дәрігері Дулат Майемер, штаттан тыс бас травматолог Руслан Бекібаев ауыл тұрғындарын қабылдап, кәсіби кеңес берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Жетібай ауылдық ауруханасының бас дәрігері Бейбіт Калимов ауылда білікті дәрігерлердің тапшылығын сөз етіп, тәжірибелі мамандардың ауыл-аймаққа арнайы ат басын бұруы халық үшін елеулі жайт екендігін жеткізді.
Айта кетейік, облыс дәрігерлері бір күннің ішінде 100-ден астам тұрғынды қарап, медициналық көмек көрсетіп, ем-дом да тағайындады.
Облыс дәрігерлерінің ауылдарға арнайы сапары алдағы уақытта да жалғасын табады.