Жылыой ауруханасынан Бейнеу аудандық ауруханасының неврология бөлімшесіне 5 науқас жеткізілген. Оның 3-еуі жансақтау бөлімінде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейнеу ауруханасы неврология бөлімшесінің дәрігері, невропотолог Гауһар Есмағамбетова жансақтау бөліміндегі 3 науқастың жағдайлары салыстырмалы түрде тұрақты екенін айтты.
“2 науқасымыз неврология бөлімшесінде емдерін алып жатыр. Барлығы инсульт диагнозымен келді. Қазір емдері тағайындалды, қажетті емдеу істері көрсетіліп жатыр”,- деді Гауһар Есмағамбетова.
Екі науқастың бірі - Мұрат Тұрғалиев Құлсары қаласының тұрғыны. Бұған дейін Жылыой аудандық ауруханасында ем алып жатқан.
“Бізді түнде осында әкелді. Жағдайым жақсы, күнде алып жүрген система уколдарымды осында жалғастырып салып жатыр. Мен бейнеуліктерге, Маңғыстау халқына алғысымды білдіремін. Ауылымызды су басып, қиын сәттер туып жатқанынан хабардарсыздар. Осындай көмектің өзі біздерге үлкен қолдау” , - деді Мұрат Тұрғалиев.