Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен 14019 адам Бейнеу ауданына эвакуацияланды. Бейнеу ауданының әкімі мектептерге орналастырылған халықпен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еліміздің бірқатар облысы, әсіресе батыс аймақтарында су тасқыны болып, жол қатынастары үзілді. Соның бірі – Бейнеу ауданына іргелес жатқан Атырау облысының Жылыой ауданы. Бұл ауданның орталығына тасқын су кіріп, көптеген үйлерді су басқан. Бейнеу ауданының тұрғындары кеше Жылыой ауданына барып, қолғабыс қылып, материалдық тұрғыда жәрдем көрсеткен.
- Мемлекетіміз бен облыс, аудан аумақтары жұмылып әрекет істеп жатыр. Халық үшін қай уақытта да осындай сауапты істер қажет. Бейнеуге орналасқан Жылыой халқының қазіргі жай-күйімен танысу үшін келгенбіз. Алдымызда тек қана жақсылықтар болғай! Әр адам өз шаңырағына оралып, отбасы мүшелерімен қауышсын. Тұрғын үйлер қалпына келіп, жағдайлары түзеліп кетуіне тілектеспіз. Біздің Бейнеу ауданының халқы әлі де көмек қолын созып, жәрдемдесуге дайын. Бейнеу ауданының барлық азаматтарына, әсіресе ерікті жастарға алғысымызды білдіреміз, - деді Бейнеу аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Таңат Амалбаев.
Аудан әкімдігі Атырау облысынан эвакуацияланған халыққа мектептердегі спорт, мәжіліс залдарынан жатақ орындарын әзірлеп, орналастыруға ат салысқан.
- Келген Жылыойлықтардың көңіл-күйі жақсы. Балалы аналар мен науқас кісілерге бөлек орын беру жағын ұйымдастырдық. Алайда бұл кісілердің көңіліндегі қаяуды тек көңілмен толтырмасақ, өз үйіндегідей толтыра алмаймыз. Ел ішіндегі алып қашпа әңгімелер тыншымай тұр. Біз өз ағайындарымызды далаға тастай алмаймыз. Себебі, төсекте басымыз, төскейде малымыз ажырамаған бір елдің балаларымыз. Біз біргеміз. 80 мың халқы бар Жылыой халқы өз ауданымызға жанашырлықпен қабылдауға әрқашан дайынбыз. Аудан халқы мен белсенді жастарға мың алғыс! – деді Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев.