Бейнеу аудандық ауруханасына бір топ маңғыстаулық дәрігерлер келді. Олар су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындары жатқан бөлімшелерді аралап, жағдайымен танысты. Жалпы ауруханада 40-тан аса науқас жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бейнеу аудандық ауруханасының мәліметінше, инфекция бөлімшесінде 11 науқас, оның 9-ы қызылша диагнозымен жатыр. Хирургия бөлімшесіне 5 адам, терапия бөлімшесінде 7 науқас жатыр. Перзентхана бөлімшесінде 12 әйел бар. Ал Реанимация бөлімшесінде 3 науқас бар.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының травматолог-дәрігері Рамазан Орынбасардың айтуынша, Құлсарыдан келген 1972 жылғы науқасқа жедел ота жасалды. Науқасқа сол жақ сан сүйегінің ортаңғы үштен бір бөлігінде ығысуы бар жабық сынық диагнозы қойылған. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты.
Еске салайық, дәрігерлер қатарында травматолог, терапевт, эндокринолог, уролог, хирург мамандары бар.