Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқынан кейін жергілік емханада жатқан науқастар Бейнеу ауданына көшірілді. Қазір мұнда Ақтаудан арнайы барған мамандар тиісті ем-дом шараларын атқарып жатыр, деп хабарлайды Mangystaymedia.kz.
Бүгін Бейнеуге арнайы барған ақтаулық травматолог Рамазан Орынбасар аяқ сүйегінің сынуы бойы құлсарылық тұрғынға қажетті көмек көрсетілгенін атады.
Төтенше жағдайға байланысты Құлсары қаласынан бір науқас сан сүйегінің сынығы бойынша түсті. Соған қазір жедел түрде аппарат саламыз. Ақтаудан 9 дәрігер келдік. Әр түрлі бағыт бойынша уролог, хирург, невролог, психолог секілді мамандар бар. Әрқайсысы емханада жатқан науқастарға кіріп, шолу жасап жатыр. Мұндағы науқастың жағдайы жақсы, тұрақты. Науқас жол апатына түсіп, сол оқиға кезінде аяғын сындырған. Құлсарыдағы төтенше жағдайға байланысты осында жеткізілген, - деді травмотолог дәрігер.
Атырау облысындағы су тасқыны бойынша Маңғыстауға 14 мыңнан астам тұрғын эвакуациаланған болатын. Олардың ішінде басым көпшілігі Бейнеу ауданының орталығына, Боранқұл ауылына көшірілсе, тағы бір легі Ақтау қаласына жеткізілді.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайға байланысты Ақтауда 500 орындық студенттер жатақханасы тұрғындарды уақытша қоныстандыруға дайын екені айтылды.