Атырау облысы Жылыой ауданынан су тасқынына байланысты Бейнеу ауданына 10 жүкті әйел көшірілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Қазір перзентханамызда 34 әйел бар. Олардың екеуі гинекология бөлімшесінде, сегізі потология бөлімшесінде және босану бөлімінде 24 әйел бар. Бұлар — Бейнеу ауданы мен Атырау облысы Жылыой ауданының әйелдері. Жылыой ауданы перзентханасынан көшірілген әйелдердің бірі гинекология, тағы бірі потология, ал қалған жетеуі босану бөлімшесіне көшірілді. Барлығының жағдайы тұрақты. Бір операциямен босану жағдайы болды. Ол әйел қазір жансақтау бөлімшесінде, - дейді Бейнеу аудандық ауруханасы перзентхана бөлімінің уақытша меңгерушісі Ақерке Қараева.
Бейнеу ауданы перзентхана бөлімшесінің дәрігерлері Жылыой ауданынан көшірілген жүкті келіншектерге көмек көрсетіп жатыр. Маңғыстау облысы перинаталдық орталығының басшысы да жүкті әйелдердің жағдайын өзі бақылап, асқыну жағдайы бар жүкті келіншектерді Ақтау қаласына көшіруді ұйымдастырып жатыр. Қазір 6 әйел Ақтау қалалық «Ана мен бала» орталығына жіберілген.
- Перзентхана бөлімшесі 47 әйелге арналған. Соның барлығын барынша босатып, жүкті келіншектердің көбеюіне байланысты босанған жергілікті әйелдерді ертерек шығарып жатырмыз. Іште жатқан әйелдердің барлығы — кеше және бүгін босанғандар, - деді дәрігер.
Перзентхана дәрігерінің айтуынша, Жылыой ауданы перзентхана басшысы орынбасарының тапсырмасымен орта және кіші медицина қызметкерлері Бейнеу аудандық перзентхана бөлімшесіне келген.
- Атырау облысанан барлығы 4 дәрігер келді. Өз қызметкерлеріміздің саны — 20, - деді ол.