Құлсары қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасынан құрылған дәрігерлік штаб мүшелері тиісті медициналық көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, Бейнеу аудандық ауруханасының директоры Берік Абдуллаев, хирург, терапевт, психолог мамандарынан құралған штаб мүшелері Боранқұл ауылдық ауруханасына және арнайы дайындалған білім беру орнына қоныстанған тұрғындарға барып, денсаулығын, хәл-жағдайын тексеріп, ем жүргізіп, психолог мамандар кеңестерін берді.
Айта кетсек, Бейнеу аудандық орталық ауруханасы, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы, Қарақия аудандық орталық ауруханасы, № 1 Ақтау қалалық бірінші емханасы, №2 Ақтау қалалық емханасы, № 1,2,3 Жаңаөзен қалалық емхансы, Ясин, Нейрон медицина орталықтарына тіркелген құлсарылық тұрғындарды ақ халаттылар қарап, ем-дом жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, отаны қажет ететін науқастар Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында “Ана мен бала” орталығында, Облыстық балалар ауруханасында тиісті ем алып жатыр. 5-7 сәуір аралығында Бейнеу ауруханасында алты, 8-сәуір Облыстық перинаталдық орталықта бір сәби дүниеге келіп, Құлсарыдан келген аналар бөбектерін қолына алған.