Пауэрлифтинг және зілтемірді жатып көтеруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған 36 жастағы Жадыра Бермұхамедова бірнеше рет рекорд орнатты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бала жасынан спортқа әуес болған Жадыра 200 келілік гір тасын көтеріп Қазақстанда рекорд орнатып та үлгерген. Азия чемпионатының 4 дүркін чемпионы. Сонымен қатар ол Азия рекордшысы және абсолюттік Азия чемпионы, әлем біріншілігінің 3 дүркін күміс жүлдегері және әлем чемпионы.
Жадыра Бермухамбетова жетістікке жетудің төте жолы еңбек пен спортқа деген сүйіспеншілік екендігін айтады.
-Түрлі салмақ дәрежесінде ауыр көтеруді әдетте әйелдерге тән емес деп есептейтіндер бар. Алайда мен бұл пікірмен келіспеймін. Табанды еңбек пен талпыныс, мақсатты, үздіксіз жаттығулар кез-келген спорт түрінде жетістікке жетелейді. Әрине бұл оңай дүние емес, бірақ спортта бәрі де мүмкін - дейді Жадыра Бермұхамбетова.