Маңғыстау облысы ҚАЖД №77 мекемесінің режим бөлімінің бақылаушысы әділет сержанты Гаухар Серікова самбо күресінен ҚР Чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz мекеме баспасөзіне сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында спорттық және самбо күресінен республикалық жарыстар өтті. Ауқымды іс-шара еліміздің 16 облысынан және 4 қаласынан 20 команда жинады. Татамиде 700 спортшы ерлер мен әйелдер өздерінің күші мен ептілігін көрсетуге шықты.
25 жастағы Гаухар Серікова 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шығып, жеңіске жетті. Ол Астана, Қарағанды және Түркістан қалаларының спортшыларымен төрт жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде Түркістаннан келген қарсыласынан ұпай бойынша жеңіліп, үшінші орынға ие болды. Гаухардың айтуынша, бұл жеңіс оған болашақ Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді. Қазір оның барлық күші маңызды спорттық іс-шараға дайындалуға бағытталған.
Айта кету керек, Қарағандыдағы жеңіс оның алғашқы спорттық жетістігі емес. Өткен жылы қоян-қолтық жекпе-жектен республикалық жарыста Гаухар күмісті жеңіп алды.
Сонымен қатар, Қостанай қаласынан тергеу изоляторының режим бөлімінің бақылаушысы қатардағы жауынгер Бақжан Мұсабеков медальмен оралды. 22 жастағы жігіт ҚР ІІМ Қостанай Академиясында оқып жүріп, тыңдаушылар арасында самбо күресінен жарысқа қатысты. Ол өзінің салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.