Бүгін Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылық білдірген Жаңаөзен тұрғындарын ұстау басталғаны белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ аппарат басшысы Ерхан Умаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары мұнайшылармен келіссөздер жүргізген болатын.
Олардың барлығы бұрын ҚМГ еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін мұнай кәсіпшілігі қызметтерін көрсету бойынша тендерде жеңіліп қалған «БерАли Маңғыстау» компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
ҚМГ мамандарымен бірге келіссөздерге «БерАли Маңғыстау компаниясы» ЖШС және «АI-Bis» ЖШС (тендер жеңімпазы) басшылығы қатысуда. Жұмысшыларға жалақыны сақтай отырып, «Ai-Bis» ЖШС және «Кезби» ЖШС-не жұмысқа орналасу ұсынылды.
«Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде барлық бұрынғы еңбек жағдайларын, соның ішінде жалақы мен әлеуметтік пакетті сақтауы керек. Біз тендер қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ мердігері атанған компанияның алдына осындай міндет қойдық. Дегенмен, заңды рәсімдер аясында әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі керек», - деді келіссөздер барысында ҚМГ аппаратының басшысы Ерхан Умаров.
Бұл ретте «БерАли Маңғыстау» серіктестігінің бұрынғы жұмысшылары «Өзенмұнайгазда» жұмыс істеуді талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға ниеттері жоқтығын айтты.
Жиналған мұнайшыларға «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымына қолданыстағы заңды рәсімдерді айналып өтіп, жұмысқа орналастыру туралы талаптарының заңсыз екені түсіндірілді. Бұл Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздарды кезектілік тәртібімен жұмысқа орналастыруды қарастыратын аталған ұйымға жұмысқа қабылдау ережесіне қайшы келеді.
Бұл ережелер моноқала тұрғындарының өтініші бойынша жұмыс орындарын дұрыс бөлу үшін қабылданған болатын.