Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр станцияларында биыл 10 энергия блогын, 49 қазандық пен 54 турбинаны жөндеу жоспарланғанын атады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әр түрлі кезеңдерде жөндеу жұмыстары бір энергоблокта, екі қазандықта және өңірлердегі үш турбинада жүргізілуде. Маңғыстау облыстарында электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмауы байқалған.
Желтоқсан және қаңтар айларында "МАЭК" ЖШС сумен жабдықтауда оқыс жағдай болды. Маңғыстау энергетика мәселесі аса маңызды өңір болғандықтан, жоспарланған жөндеу науқанының толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету қажет, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, өңірлерде электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 мың шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ 564 жоғары вольтты қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған көрінеді. Электр желілерін жөндеу мамыр айында бекітілген кестеге сәйкес басталады.