Ақтаулық өнерпаз Торғын Лебен сәуірдің 4-10 аралығында Алматыда өткен VIII халықаралық «Өрлеу» конкурсында бірінші орынға ие болды. Ол бұған дейін де халықаралық сайыстардан бірнеше рет жүлде алып, Маңғыстаудың атын шығарып жүрген жас хореограф, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Торғын 2008 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген. Отбасының кенжесі, үш ағасы бар. Үш жасынан бастап көркем гимнастиканы жанына серік еткен оның алғашқы жетекшісі – Әсел Майғұлақова болған.
Торғын 2-сыныпта оқып жүргенде Астанадан Ақтауға арнайы келген комиссия іріктеу жүргізіп, хореографияға бейім балаларды таңдайды. Іріктеуден өткен соң, қазақ ұлттық хореография академиясына түсуге Астанаға барады. Шарттарынан сүрінбей өтіп, академияның 3-сыныбына қабылданады. Күні бүгінге дейін ол білімін академия қабырғасында жалғастыруда.
Өткен жылдың шілде айында Торғын Хорватияның Загреб қаласында өткен халықаралық байқауда да бірінші орынды иеленген.
Торғынның қазіргі ұстаздарының бірі - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Кокшинова. Талай шәкірттің бағын ашқан ұстаз қазір Торғынның бабы мен бағы қатар шабуына ат салысып жүрген басты тұлға. Торғын қазақ өнерін биік деңгейге дейін жетілдіруді армандайды. Оның айтуынша, өмірдегі ең басты жетістігі сол — мектебі, өзі тәрізді асқан кәсіпқой, биік талапшыл ұстаздары мен шығармашылық жолының жалғасуы.