Маңғыстау облысында мемлекет қолдауына ие болып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы аналар легі күн санап артып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Солардың бірі - бес балалы ана Айгүл Шоңқалова. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 1 225 000 теңге көлемінде грант жеңіп алды. Қазіргі таңда жас кәсіпкердің қызметінің басты бағыты - балаларға арналған мереке-думандарды ұйымдастыру.
33 жастағы келіншек бала күтіміне байланысты көп жылдық демалыстан кейін қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Халықты жұмыспен қамту орталығының «Бизнес бастау» курсын аяқтап, сертификатын алғаннан кейін, «Ұрпақ Next» қоғамдық қоры арқылы аниматор мамандығын меңгерген. Содан кейін арнайы жоба аясында 400 АЕК көлеміндегі қаржыға жеті түрлі аниматордың киімдерін сатып алған.
Айгүл Шоңқалова «Ұрпақ Next» қоғамдық қорының, «Ауыл әйелдеріне инновация» жобасында білімін жетілдіруге мүмкіндік алған. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша, жоба жасақтап, өтінім беруді үйренген. Аниматор курсын да осы жерде меңгерген.
-Кәсібім жақсы жүріп жатыр. 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Күніне үш іс-шараға дейін ұйымдастырамыз. Біздің жаңа кейіпкерлерімізді көріп, бәрі қызығып жатады. Бірақ біздің өңірде арнайы аниматор костюмдерін тігетін цех жоқ. Ал Алматы мен Ақтөбе қалаларында өте қымбат. Көбінің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті алдағы уақытта қолжетімді бағада киімдер даярлайтын арнайы тігін цехын іске қосқым келеді, -дейді Айгүл Шоңқалова.
Сол себепті Айгүл биыл өңірлік кәсіпкерлікті өрістетуге бағытталған бағдарлама аясында шағын кәсіп иелеріне арналған 5 миллион теңге көлеміндегі қолдау қаржыны алуға үмітті. Қазіргі уақытта ол аниматор киімдерін тігуді үйреніп жүр. Сәуір айында бизнес-жобасын әзірлеп, өтінім бермек.
-Қоғамның қай саласында да жеке кәсібін жүргізумен қоса отбасы қамын қатар алып жүрген нәзік жандылар өте көп. Олар отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, өңіріміздің дамуына үлес қосуда, - дейді Айгүл Шоңқалова.