Динара Тынымбай пара үстел теннисінен өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын иеленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7-12 сәуір аралығында Павлодар қаласында пара үстел теннисінен тірек-қимыл аппараты зақымданған жастар арасында ҚР чемпионаты өтті. Жарысқа 11 облыстан келген 70-ке жуық спортшы қатысты.
Ал Маңғыстау облысынан 4 споршы бақ сынады. Нәтижесінде жекелей жүйеде Динара Тынымбай 1-орынды иеленсе, аралас жұптық жүйеде 2-орынды еншіледі. Ал Майра Салиева жекелей жүйеде 3-орынды алды. Сондай-ақ жұптық жүйеде маңғыстаулық Сәбит Оразбаев 3-орынды қанжығаға байлады.
Маңғыстаулық спортшылардың жаттықтырушысы - Бақтығұл Наурызбек Талғатұлы.
-Спорттық шараның жоғары деңгейде өтуіне себепші болған Павлодар облысының ұйымдастырушыларына алғыс айтамыз. Былтыр дәл осы ел чемпионаты Ақтау қаласында өткен еді. Сол уақытта да маңғыстаулық спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Егер облыстық спорт басқармасынан қолдау болса, спортшылардың жетер жетістігі де көп болар еді, - дейді жаттықтырушы Наурызбек Бақтығұл.
Айта кетейік, қазіргі таңда жастар арасында ҚР ұлттық құрама сапына маңғыстаулық 4 спортшы бар.