Қазақ-неміс инжиниринг институтын ашамыз деп жарияға жар салғанымыздан бергі екі апта ішінде алдымыздан түрлі сұрақтар шықты. Әсіресе, «8 бакалавриат, 6 магистратура бойынша оқытып, Green Hydrogen саласына қажет кадрлар дайындаймыз» деген жаңалығымызға елдің көбі елеңдеулі екен. Жерлестеріміздің жасыл сутегі өндірісіне үміті де зор, күдігі де жоқ емес. Бұл бағытқа қабілетті, бейімі бар абитуриенттерге алда кәсіби бағыт-бағдар беріледі. Ал әзірге жалпы көпшілікке арнап, аз-кем мағлұмат беруді жөн көрдім.
Сонымен...
Стратегиялық тұрғыдан Қазақстан кешегінің отыны – көмірді, бүгінгінің отыны – мұнай мен газды, ертеңгінің отыны – уранды қазір өндіріп отырған, суперболашақтың отыны – жасыл сутегін өндіруге де батыл бет бұрған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі.
50 миллиард доллар тұратын жасыл сутегін өндіру жобасын Еуроодақтың жаңартылатын энергия көздері бойынша алпауыт компания «SVEVIND Energy Group» қаржыландырады. Ақтау қаласында жасыл сутегін өндіруге де осы компания инвестор болып, зауыт салынады.
Жоспар бойынша Қазақстан 2030 жылы алғаш рет жасыл сутегін жаңартылатын баламалы энергия көздерінен алынған энергияны қолдана отырып өндірмек. Оны Маңғыстауда күн батареялары мен жел генераторлары арқылы алады. Олар 40 гигаватт қуат береді. Осы энергия Каспий теңізінің жағалауындағы жасыл сутегін өндіретін электролизерлерді іске қосады. Сонда зауыт жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіреді. Бұл – 2030 жылы Еуроодақ тұтынуы мүмкін барлық сутегі көлемінің 20 проценті. Өлкемізде мұнай бітсе де, «жаңа мұнай көзі» сутегі өндіріліп, біздегі теңдессіз технологиялық зауыт өзінің толық қуатына шығатын болады.
Сутегін өндірісте алудың жолына және қолданылатын шикізатына қарай әдістерді әртүрлі түске бөледі. Мәселен, қоңыр сутегі, көк сутегі, бирюза сутегі, сары (қызғылт сары) сутегі, сұр сутегі, изумруд сутегі, жасыл сутегі... Осы түрлі-түсті сутекті алудың жолдары да әртүрлі. Соның ішіндегі жасыл сутегінің экологиялық ең таза түр болатын себебі – ол электролиз арқылы, яғни жел, күн немесе су энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерінен алынады.
Яғни жасыл сутегі – жаңартылатын энергия технологиялары арқылы жасалатын сутегі отыны.
Жаңартылатын энергияға негізделген электролиз су молекулаларын сутегі мен оттегіге ыдыратады, отын ретінде пайдалану үшін сутекті ұстап, сақтайды. Күн энергиясы сияқты жаңартылатын технологияларды пайдалану бұл процесті толығымен көміртексіз етеді. Жасыл сутегі – көміртексіз болашаққа жету жолында қарастырылатын ең жаңа құралдардың бірі.
Жасыл сутекті енгізу жаңартылатын энергияны пайдалануды кеңейтуде және желіні теңгерімдеу қызметтерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл жаңартылатын активтерге салынған инвестициялардың кірісін арттырады. Жасыл сутегі ұзақ мерзімді сақтау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл сұраныс пен энергия ұсынысы арасындағы айырмашылықты теңестіруге көмектеседі. Жасыл сутегі ұзақ уақыт бойы көміртексіз энергияны сақтау қабілетінің арқасында желіні тұрақтандыруда шешуші рөл атқара алады. Жасыл сутекті кеңінен пайдалану әрі өміршең ету үшін саясаттағы, технологиядағы және инфрақұрылымдағы жетістіктер қажет.
Жасыл сутегі коалициясы және энергияны түрлендіру бойынша Strategen компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженис Линнің (Janice Lin) айтуынша, өзі құрған бұл желінің сенімділігіне электр энергиясына тұрақты сұраныс пен оны өндіруді теңестіру үшін энергия жинақтауды пайдалану арқылы қол жеткізген.
Бұрын біз қазба отынына негізделген қоймаға сүйендік. Бүгінгі таңда бізде батареялар сияқты әлдеқайда таза балама нұсқалар бар. Дегенмен, 100% жаңартылатын энергияға ауысу жетістігі желсіз немесе бұлтты күндері де басқарылатын қуат үшін ұзақ мерзімді сақтауға кепілдік береді. Жасыл сутегі – бұл мақсатқа жетудің және электр энергиясын өндіру үшін қазба отындарын толығымен ауыстырудың бірнеше еселенетін құралдарының бірі.
Энергия тасымалдаушысы ретінде жасыл сутегі көптеген басқа қолданбалар мен секторларда электр энергиясын өндіру және қазба отындарын ауыстыру үшін пайдалануға болатын жаңартылатын отын ретінде жаңартылатын энергияның көп мөлшерін сақтай алады. Жасыл сутегі табиғи газды ауыстыру үшін энергияны маусымдық сақтауды қамтамасыз етіп қана қоймайды, ең бастысы, оны біз қолданатын жабдықтар мен инфрақұрылымда пайдалануға болады. Бұл жасыл сутегінің қолжетімді энергетикалық ауысуға ықпал ететінін көрсетеді.
Сондықтан Маңғыстаудағы мұнай дәуірінің аяқталуын трагедия көрудің қажеті жоқ. Әрі болашағымызды да тек мұнаймен байланыстыру өзімізді тар шеңберде шектегенімізбен бірдей. Бір ғасыр бұрын құлазыған құла түзде көмір кенін барлап, одан кейін мұнай мен газ іздеп тыңға түрен салған тәуекелшілдер сияқты, жаңа заманның жаңа энергия көздерін өндіруге де батыл қадам басқандар алғаш болып жетістікке жетіп, табысқа кенелмек.
Берік АХМЕТОВ,
Yessenov University президенті.