Өткен жылдың қаңтар айында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының біріңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен маңғыстаулық параволейболшыларға құрал-жабдықтар сыйға тартылған еді. Атап айтқанда аймақтағы параволейбол клубтарына отырып ойнайтын волейболға қажетті еден жабындарын, тіректер мен торлар жиынтығын, сондай-ақ волейбол доптарын тегін табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР параволейбол командасы үшін жарақат алған кезде қалпына келтіру процестерін жүзеге асыру үшін қажетті криотерапия жүйесі сатып алынды. Жобаның жалпы құны 3 млн теңгені құрап отыр.
Қазіргі уақытта Маңғыстаулық командаға кіретін спортшылар құрамасы биылғы жазда Астана қаласында өтетін Азия чемпионатында өнер көрсетуге дайындалып жатыр. Егер ол жерде параволейболшылар тиісті жолдаманы ұтса, 2024 жылы Парижде өтетін Параолимпиада ойындарына баруға мүмкіндік алады.
«Бізге «Самұрық-Қазынадан» берілген қажетті жабындылар өте жоғары деңгейде. Осы заттарды көптен күткенбіз. Спортшыларымыз үшін жаттығуға, жұмыс жасауымызға өте ыңғайлы болып жатыр. Қажетті құрал-жабдықтар келіп, шынын айтқанда мүмкіндігіміз шектеулі екенін де ұмытқандай болдық. Себебі өзіміздің алаң, өзіміздің сеткамыз, добымыз бар. Бұл үлкен қолдау», - дейді параволейболдан Маңғыстау облыстық құрамасының мүшесі Құралбек Сеидов.
Жалпы, 2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысында 4,5 миллиард теңгеден астам қаражатқа 43 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды және олар қазіргі уақытта өз жұмысын нәтижелі жалғастырып келеді. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруының арқасында мүмкін болып отыр.
Манғыстау облыстық командасы 1991 жылдан бері ойын алаңдарында өнер көрсетіп келеді. Осы жылдар аралыығында Манғыстау облысының құрама командасы Англия, Польша, Дания, Германия, Чехия, Грузия, Турция, Россия, Голландия, Латвия, Словения елдерінде жүлделі орындарға ие болып, талай рет жеңімпаз да атанды. Сондай-ақ, 2001-2011 жылдар аралығында Қазақстанның 10 дүркін чемпионы атағын алған.
Бұл жоба тек Маңғыстау облысын ғана қамтып отырған жоқ. Сонымен қатар, Ақтөбе, БҚО, Атырау және Жамбыл облыстарында да жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы бюджеті 18 млн. 400 мың теңгені құрады.