Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінде сарбаздар өмірінің бір күні таныстырылды. Онда қару-жарақтар көрсетіліп, әскери жаттығулардың көрсетілімі де өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Іс-шараға жоғары сынып оқушылары мен студенттер, өзге өңірлерден келген ата-аналар қатысты. Шақырылған қонақтар әскери киім үлгілері мен техника және қару-жарақ, әскери асхананың тағам рационы, жатын орындары, бос уақыттарын қалай өткізетіндері, жалпы әскери бөлімнің тынысымен танысты.
Келушілерге сондай-ақ, саптық және дене даярлығының элементтері, қоян-қолтық ұрыс пен өзге де жаттығулар көрсетілді.
Аталған әскери бөлімнің командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары подполковник Біржан Жотековтің айтуынша, мұндай шаралар ҚР Қорғаныс министрлігі тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Себебі, әскерге келгенде алғашында қиналмас үшін жас өрендерді қазірден бастап дайындап, ақпараттандыру қажет.
-Шараны “Сарбаздар - анасының жүрегі” деген тақырыпта өткізіп жатырмыз. Ашық есік күніне сарбаздардың ата-аналары, 100 ден астам оқушылар мен студенттер қатысты. Концерттік шара жақында ғана әскерге шақырылған сарбаздардың көңіл-күйін көтеріп, осы ортаға бейімдеудің алғашқы қадамы ретінде ұйымдастырылды. Мұнда сарбаздарға барлық жағдай жасалынған, қажеттіліктермен қамтамасыз етіледі. Жастар әскери сала туралы түрлі теріс ақпараттан аулақ болып, келіп өз көздерімен көргені дұрыс. Әскери қызметтің оңтайлы тұстары, жоғары оқу орнына түсердегі жеңілдіктер, қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер туралы да білуі керек. Жылына мұндай кездесу 4-5 рет ұйымдастырылады, - дейді әскери бөлімнің командир орынбасары.
Оның айтуынша, аталған әскери бөлімде тек ер адамдар ғана емес, нәзік жандылар да қызметін атқаруда.
Әскери бөлімді аралауға Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңес өкілдері мен аналар кеңесінің мүшелері де келді.