Ақтау қаласында облыстық "Бекет ата" мешітінде тасаттық намазы оқылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көктем айларының жауынды болуын тілеген дін қызметкерлері және бір топ жамағат мешітте арнайы тасаттық намазына қатысып, тілек тіледі.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжановтың сөзінше, биыл өңірдегі әр мешітте имамдардың қатысуымен тасаттық намаздары оқылған. Мұндағы мақсат өңірімізде жауын-шашын мол болып, көктемде көк мол шықсын деген игі ниеттен туындап отыр.
“Биыл жергілікті азаматтардың өтінішімен тасаттық намазын оқыдық. Жаратушы Алла қабыл етсін. Тасаттықтың мақсаты - өңіріміз бен өлкемізге көктем берекелі жауын нәсіп етіп, малдың жем-шөбінің мол болғандығын қалаймыз. Қуаңшылықтың алдын алу мақсатында тасаттық намаздары бұған дейін де оқылған. Биыл екінші рет оқып жатырмыз. Облыс бойынша әр мешіттің имамы жамағатымен мешіт аумағында оқыды. Намаз оқымастан бұрын осында қалталы азаматтарға хабар беріп, төрт түлік малдың зекетін берейік деп облыстағы бес аудан мен екі қалада әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Көптің тілегі қабыл болады дейді ғой. Биыл жауын-шашын мол болып, келесі Рамазан айына амандықпен жетуді Жаратқан Алла нәсіп етсін”, - дейді облыстық "Бекет ата" мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.