24 жастағы Мұнайлы ауданының тұрғыны алғаш рет үшемнің анасы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Нәрестелер Ясмина, Алина, Адина есімдерін еншіледі, ал олардың салмағы 1,600 гр, 1,850 гр және 1,600 гр құрады.
Тұңғышы үшем болып, бақытқа бөленген жас ана ендігі ретте жауапкершілік салмағының да еселенгендігін айтады.
Қазіргі таңда "Ана мен бала" орталығының дәрігерлерінің мәлімдеуінше, нәрестелер емдеп жетілдірудің 2-ші сатысында ем қабылдап жатыр. Жағдайлары бірқалыпты, тұрақты. Үшеуі де салмақ қосып келеді. Ақ халаттылар сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған, анасының жағдайы да жақсы екенін айтады. Жас ана мен үшемдер әзірге Маңғыстау облыстық "Ана мен бала" перинаталдық орталығында дәрігерлердің бақылауында болады.