Маңғыстау облыстық перинатальдық орталығында «Гендерлік зорлық-зомбылық жағдайындағы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің іс-әрекеті» тақырыбында тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Аталған шара облыстағы медицина ұйымдарының гинеколог дәрігерлерін, кәсіби заңгерлер, психолог мамандар мен қоғам белсенділерін, зорлық-зомбылықтың алдын алуда және оған жауап беруде маңызды рөл атқаратын құқық қорғау қызметкерлерін біріктірді.
Айта кететіні, 2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ЮНФПА-ның қолдауымен гендерлік зорлық-зомбылық кезінде медициналық көмек көрсетудің отандық практикадағы алғашқы Клиникалық Хаттамасын қабылдаған болатын. Өйткені, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандармен бірінші болып қарым қатынас орнататын - медицина қызметкерлері. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесі зорлық-зомбылықты басынан өткерген адамдарды анықтауда және оларға қолдау көрсетуде негізгі тетік болып табылады. Конференцияда балалық шақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гендерлік теңдік, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, демографиялық даму перспективалары, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Әлемдегі әрбір үшінші әйел негізінен жыныстық серіктес тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қазақстанда серіктестері бар 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17%-ы өз өмірінде бірнеше рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа, тіпті екеуін де бастан кешірген.
Балалар гинеколог мамандары гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жасөсперімдерге медициналық көмек көрсетудегі білімдерімен және тәжірибелерімен өзара бөлісті. Конференция шеңберінде арнайы дайындалған буклеттер қатысушыларға таратылды.