Қазіргі таңда аудан-қалаларда жер бөлу жұмысы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Осы жылы ақшасы қаралып, салынып бітуі керек. Арнайы орындарды ұстау, иттерді тіркеу, дәрілеу, вакцинация жасау, сонымен қатар кастрация, стерилизация жасау жұмыстарымен айналысуымыз керек. Оның барлығына қаражат қарастырылады», - деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы басқармасына қаңғыбас иттерді аулау туралы Мұнайлы, Түпқараған ауданы тұрғындарынан шағымдар көп келген.
- Маңғыстау-1де иттер шұбырып жүр. Қашан құтыламыз? Таң атысымен сабаққа барады, бүгін ит қапты баламды. Сыныптасын да ит қуып кеткен. Бір шара қолдану керек,-деді тұрғын Маржан.
Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, 2022 жылы 2-наурызда ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы күшіне енді. Заңға сәйкес, елімізде қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіруге тыйым салынды. Сондықтан кез-келген итті атуға болмайды.
Тек Заңның 15-бабы, 1-тармағына сәйкес, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде ғана аулауға рұқсат. Сондықтан арыз-өтінішті ауыл әкімдігіне хабарлап, жазбаша арыз жазу керек.
Жалпы, өткен жылы қауіп төндірген 1770 ит ауланып, көзі жойылған. Ал, тұрғындардан 11 мыңнан астам арыз түскен. Ал, 2021 жылы Маңғыстау облысында 1400-ге жуық адамды ит қапқан. Зардап шеккендердің көбі 14 жасқа дейінгі балалар.