Маңғыстауда кәсіпкерлікке кедергі келтірген мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың 12 лауазымды тұлғасы сотталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Антикорр-ға сілтеме жасай отырып.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының м.а. Шамұрайт Шәменов бизнестегі көптеген мәселелер шенеуніктерге қатысты сыбайлас жемқорлық деректері мен әкімшілік кедергілердің, сондай-ақ заңнама аясында олқылықтардың орын алуына байланысты екендігін мәлімдеді.
"Соңғы 2 жылда бизнесті қорғау саласында Департаментпен пара алу, ұрлау және алаяқтық фактілері бойынша 16 қылмыс тіркелді. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың 12 лауазымды адамы сотталды, 11 бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды. Әкімшілік кедергілердің қандай кезеңдерде пайда болатынын түсіну үшін біз кәсіпкерлердің қатысуымен эксперимент жүргіземіз, біз ұсыныс білдірген барлық жандармен ынтымақтастыққа дайынбыз", - деді Шамұрайт Шәменов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың кәсіпкерлігіне кедергі келтіретін барлық жасанды шектеулерді жою қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2023 жылды "Бизнесті қорғау жылы" деп жариялады және бұл бағытты басым бағыттардың бірі ретінде анықтады.
"Көбінесе шенеуніктер қолданыстағы нормалар мен ережелерді сақтамай, белгілі бір шешімдер қабылдауды, лицензиялар мен рұқсат құжаттарын беруді кешіктіреді, бұл олардың тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің пайда болуына негіз болады. Біз кәсіпкерлердің құқықтары жиі бұзылатын салаларға мониторинг пен талдау жүргізу негізінде жүйелі мәселелерді жоюға ниеттіміз", - деді спикер.
Мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік кедергілер туындаған және заңнама тұрғысынан олқылықтар орын алған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлауға мүмкіндігіңіз бар екенін атап өту маңызды.