Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Түркия Республикасының Ақтаудағы жақында тағайындалған консулы Альптекин Сабриды қабылдап, ынтымақтастық туралы бірқатар мәселені талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Альптекин Сабри, Бас консулдықтың вице-консулы, атташе Бюкер Йылдырым және сауда жөніндегі атташе Тоқсөз Али қатысты.
Аймақ басшысы бүгінгі кездесу бірлесіп жүзеге асырып жатқан түрлі жобаларды іске асырудың жалғасы екенін атап өтті.
-Мұнай-газ өндіру, мұнай сервисі, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және жаңартылатын энергия – өңірде экономиканы дамытудың басым бағыттары болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің әлеуетін көтеру үшін көптеген жобалар қолға алынды. Бүгінгі таңда түрік инвесторларының қатысуымен туризм саласында бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Өз тарапымнан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенімізді атап өткім келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бас консул Альптекин Сабри өз кезегінде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге әрдайым қызығушылық білдіретінін атап өтті.
-Біз көтеріп жүрген көптеген мәселелерге бей-жай қарамағаныңыз үшін алғыс айтамын. Қазақ жері түрік халқы үшін қасиетті жер саналады. Біз осы екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, барлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға бар күш-жігерімізді саламыз, - деді Альптекин Сабри.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының Түркия Республикасымен сыртқы сауда айналымы биыл – 73,7 млн. АҚШ долларын құрады. Түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 86 кәсіпорын тіркелген. Туризм саласында 2020-2023 жылдар аралығында 200 млрд.теңге көлемінде инвестициялық жобалар іске асырылуда. Түрік инвесторларының қатысуымен Rixos Aktau көпфункционалды қонақ үй кешені, TetysBlu тақырыптық саябағы, виллалары бар гольф клуб, «Тawn Center сауда қатарлары» сияқты ірі жобалар іске асырылуда.