Ақтауда спортта айтулы табысқа жетіп, үздік нәтиже көрсеткендерге құрмет көрсетілді. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірнеше аталым бойынша спортшыларды марапаттады. Жылда дәстүрлі түрде өтетін шарада облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев құттықтап, номинациялық аталым бойынша сыйлықтарды табыстады.
Олардың қатарында «Үздік жас спортшы» - Диас Жолдыбаев, «Жыл жетістігі» - Әсем Таңатар, «Үздік спортшы жауынгер» - Сұңғат Сансызбаев, «Нәтижелі спортшы» - Дария Манасқызы, «Ұлттық спорт үздігі» - Айшуақ Тайманов, «Әйелдер арасындағы үздік спортшы» - Жадыра Бермұхамбетова, «Жыл спортшысы» - Нұрдәулет Жарылғапов, «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» - Сүннет Ризбаев, «Үздік жаттықтырушы» - Могамед Куруглиев, «Ерлер арасындағы үздік спортшы» - Саматәлі Төлтаев, «Олимпиада үміті» - Камиль Куруглиев, «Спорт саласындағы үздік команда» - «Көкмойнақ» командасы, «Үздік федерация» - МО көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы, «Спорт саласындағы үздік спорт бөлімі» - Бейнеу аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Үздік спорт мекемесі» - «Ұлттық спорт орталығы», «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» - Дияс Есенов, «Үздік спорт жанашыры» - Дәурен Мұратбай, «Ауылдық жердегі үздік спорттан нұсқаушы-әдіскер» - Замира Жетібаева, Қайсар команда» - МО спорттық гимнастика командасы, «Ауылдық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» - Мұнайлы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Үлгі тұтар спортшы» - Абай Смағұлов, «Жылдың үздік спорт мектебі» - «Жас батыр» БЖСМ, «Шығыс жекпе-жек жүйріктері» - МО каратэ-до құрамасы, «Қысқы спорт үздігі» - Екатерина Белетченко, «Қыздар арасындағы үздік спортшы» - Гаухар Жанғазы, «Жылдың интеллектуалды спортшысы» - Эдгар Мамедов, Жылдың үздік спорт мектеп директоры - Өтеген Сабытаев, «Көрермен көзайымы - жылдың үздік спортшысы» Эльдар Ягяев атанды.
Аталған аталымдармен бірге, «Маңғыстаумедиа» ЖШС «Спорт саласындағы үздік БАҚ» сыйлығына ие болды. Өңірдегі жаңалықтарды жедел жеткізудегі еңбегін ескерген басқарма басшылығы іргелі шығармашылық ұжымға алғысын жеткізді.
- Жалпы өңірімізде спорттың дамуы үшін ауқымды істер атқарылып келе жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылдан жылға спорттық нысандар салынып, өскелең ұрпақ үшін көптеген жағдайлар жасалып жатыр. Бұл орайда жекеменшік мекемелердің де қосқан үлесі зор. Биылғы жылы еліміз үшін көптеген жетістіктерге толы болды. Біздің өңірде бұқаралық спортпен айналысу көрсеткішіде артып отыр. Биыл бірқатар спортшыларымыз халықаралық сындарда үздік нәтижеге қол жеткізді. Осы орайда өңірдің дене шынықтыру және спорт басқармасының атқарған еңбегі ерен. Басқарма басшылығына ерекше алғыс айтамын. Алдағы уақытта спортта үміт артқан оғландарымыз сенімді толық ақтап, биіктен көрінеді деген ойдамыз, - деді Ұлықбек Тналиев.
«Үздік спорт мектебі» аталымында марапатқа ие болған «Жас батыр» мектебінің директоры Манарбек Бисекенов биыл шәкірттерінің жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.
- «Жас батыр» мектебінде 1098 бала жаттығады. Облыс бойынша жас спортшыларды білікті бапкерлер баптап жүр. Оның ішінде дзюдо, самбо, волейбол, баскетбол, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, карате, таеквондо, белбеу күресі секілді спорт түрлері бар. Самбодан КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Сергей Волобуев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев, таеквондодан Дастан Қуанғалиұлы сынды білікті бапкерлер қызмет атқарады. Жасөспірім, жастар ересектер санаты бойынша мектебіміздің 49 спортшысы ұлттық құраманың мүшесі», - деді «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Биыл Маңғыстау облысының спорты үшін нәтижелі жыл болды деуге толық негіз бар. Оның ішін еркін күрестен Камиль Куруглиев 92 келі салмақ дәрежесінде жастар арасында Азия және әлем чемпионы атанды. Қазақ күресінің шебері Нұрдәулет Жарылғапов аса ауыр салмақта әлем біріншігінде чемпион атанғанын ерекше атауға болады.