Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметінің дерегінше үкім 28 желтоқсан күні шығарылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2022 жылғы 28 желтоқсанда дәрменсіз жағдайды пайдалана отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты бірнеше рет жыныстық сипаттағы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін айыпталушы Б. - ға қатысты (ҚК 121-бабының 4-бөлігі) қылмыстық іс қаралды.
"Сотталушы Б. 2022 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында 2017 жылы туған Щ-ның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оған қатысты жыныстық сипаттағы басқа да зорлық - зомбылық әрекеттерін жасады", - делінген хабарламада.
Прокурор қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша сотталушыны кінәлі деп тануды және 20 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушының қорғаушысы қылмыстық қудалауды тоқтатып, Б-ны ақтауды сұрады.
Соттың баспасөз қызметі сот үкімімен сотталушы Б. ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылғанын және 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын хабарлады.
"Жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдалана отырып, кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін Санкция белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып не өмір бойы бас бостандығынан айыра отырып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады".
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.