Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында биылдың өзінде 12,2 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 239 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 2022 жылдың соңына дейін 475 жұмыс орнын құрумен 18,7 млрд теңгеден астам сомаға 9 жобаны іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2022 жылы Маңғыстау ауылында жеке кәсіпкер Сармурзина 30 жаңа жұмыс орнын ашу арқылы жабық азық-түлік базары мен көкөніс қоймасын іске қосты. Нысанның сыйымдылығы 2500 тоннаны құрайды. Мемлекеттің қолдауымен 30 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.
Сонымен қатар, кәсіпкер ағымдағы жылдың 30 тамызынан бастап «Дина» гипермаркетінде көкөніс сақтайтын қойманы жалға береді. Қазіргі таңда 25 бутиктің 3-еуін кәсібін бастағандар жалға алып отыр. Жоба арқылы жалпы сомасы 83 миллионды құрайтын 90-ға жуық жұмыс орны ашылды.
Сәнім Абдуллаева 2021 жылдың аяғында Басқұдық ауылында ауданы 1 гектар жылыжай кешенінің құрылысын бастады. Ал, «Абдуллаева» жылыжайы 2022 жылдың мамыр айында жұмысын бастады. Жоба құны - 500 млн теңгені құрады, 10 жаңа жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкер 28 млн теңге несие алып, сонымен қатар «Каспий» ӘКК бірлескен жобасы аясында 20 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Инфрақұрылым сумен, газбен, жарықпен қамтамасыз етілген. Құрылыс материалдары Ресей мен Алматыдан алынды. Бұл жылыжайда 0,5 га жерге қияр, 0,5 га жерге қызанақ өсіріледі. Дайын өнім «Асар-С» базарында және басқа да сауда орындарында қолжетімді бағамен сатылуда. Бүгінгі таңда 140 тоннадан астам өнім шығарылды.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасы 4 тонна тыңайтқышқа 50 пайыз субсидия бөлді. Сондай-ақ, заң аясында жылыжай салу құнының 25 пайызын субсидиялауға құжаттар ресімделуде.
Биыл Маңғыстауда алғашқы визит орталығы есігін айқара ашты. Бір мезетте жүз адамға дейін қабылдай алатын «Сартас» визиттік орталығы Таушық ауылынан 32 шақырымдай жерде, Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Ол Жығылған, Саура, Тамшалы, т.б. орындарға барар жолдың бойында бой көтерді. Айта кетерлігі, туристер орталығын жергілікті кәсіпкер Ербол Байжігітов өз қаражатына салған. Жобаның құны - 248 миллион теңге.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында «Стил Трейд-НС» ЖШС-нің болат құбырларды оқшаулайтын жаңа өндірістік цехы ашылды. Жоба облыстың мұнай-газ саласының кәсіпорындарына өнімді өткізуге бағытталған. Полиэтиленді жабынды қолданатын бұл кәсіпорын жылына 24 мың тонна болат құбыр шығарады, сонымен қатар жылына 5 500 тонна болат құбырды оқшаулау қызметтері көрсетіледі. Жоба құны - 800 млн теңгеден асады. Жоба арқылы 30-дан астам жұмыс орны ашылды. «Стал-Трейд» компаниясы Қазақстан нарығындағы құбыр өнімдерін шығаратын ірі өндіруші және жеткізуші мекеме болып табылады.
Сондай-ақ биыл облыста Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында «Altyn Food» жаңа супермаркеті ашылды. Жалпы ауданы - 4500 ш.м, оның ішінде сауда алаңы 1500 ш.м. Инвестиция көлемі - 364 млн теңге, ашылған жұмыс орындарының саны - 60.