Маңғыстау облысы Қарақия ауданының тұрғыны «Түркия мемлекетінен тиімді бағада, түрлі тауар алып беремін» деп уәдесінде тұрмаған алаяққа қатысты полицияға арызданған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО ПД-не сілтеме жасап.
Алаяқтық іс-әрекетке барған 24 жастағы жергілікті тұрғын жәбірленушіден 300 000 теңгеге жуық қаражат алған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полицейлер алаяқтың жеке басын анықтады. Аталған дерек ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
- Маңғыстау облысы Полиция департаменті азаматтарды алаяқтардың құрбаны болып қалмас үшін аса сақ болуға шақырады. Ғаламтор арқылы сауда жасағанда немесе бөтен адамға қаржы аударар кезде сенімді екеніне көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдамаңыздар, - делінген полиция хабарламасында.