Бүгін Ақтау қаласының әкімі қоғам белсенділерімен бейресми кездесу өткізді. Кездесуге қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, ардагер журналистер және блогерлер қатысты, деп mangystaumedia.kz.
Ербол Ізбергенов қаладағы басты мәселелерді айтып, алдағы жоспарлармен бөлісіп, осы мәселелерді шешуде бір болуға шақырды.
Кездесу барысында әкім тарапынан “Ақтау қаласының дамуы” атты қор құру ұсынылды.
“Бұл қор қаламызда саябақ, сквер салу мәселелерімен айналысатын болады. Олардың қатарында абаттандыру, жаяу жүргіншілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау да бар. Сонымен қатар қалада велосипед жолын, велостанция салсақ деген ойым бар. Бұл бастамалардың барлығын тұрғындармен ақылдаса отырып жүзеге асырамыз, олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын ескеру - өте маңызды екенін түсінемін”, деді Е. Ізбергенов.
Кездесуге қатысушылар да осы идеяны қолдап, қор қаражатын бірінші кезектегі мәселелерге бағыттап, тұрғындар талқысына салу туралы әкімнің ұсынысы өте орынды екенін айтты.
Кездесу кезінде қала жанашырлары өз ойларын ортаға салып, сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
“Мен осы айтылып жатқан идеяларды қолдаймын, өте орынды бастамалар көтеріліп жатыр. Осы тұста мен қаламызды қорғау және жасыл қалаға айналдыру жайлы ұсынысымды айтқым келеді. Жастар осы барымыздың қадірін білмейді, қоқыс лақтырып, қала мүлкін бүлдіріп кетеді. Осы бойынша ескерту шараларын қолға алсаңыздар, роликтер түсіріп, жастарға ой тастау қажет деп ойлаймын”, - деді ардагер журналист Маңдайлы Қосымбай.
Кездесу соңында қатысушылар әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, “осындай талқылаулар жиі болып тұрса” деген ниеттерін білдірді.