Ақтауда бопсалаумен айналысқан 36 жастағы азаматты полиция ұстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 22 шағын аудандағы №17 үйдің артқы жағында орналасқан жолда бопсалаумен айналысты деген күдікпен 36 жастағы азаматты ұстады. Жәбірленушінің айтуынша, үш адам одан 500 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған.
Ұсталған адамды тінту барысында темекі қорабынан 2 дана "гашиш" есірткі затына ұқсас оралған қағаз, сондай-ақ екі ұялы телефон тәркіленді.
Бұл дерек қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелді. Күдікті өз әрекеттерін мойындаған. Күдіктіге қатысты "ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы" бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмысқа қатысы бар қалған күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу және жедел іс-шаралар жүргізілуде. Өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін әзірге жария етілмейді.