Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров маңғыстаулықтар «Egov.kz» сайты арқылы немесе емделу орталығына бару арқылы тұрғылықты жері бойынша емхананы еркін таңдай алатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Аманбек Жұмыров тіркелу үшін тұрғын өтініш жазып, жеке куәлікпен баруы қажет. Бірақ міндетті түрде өз мәртебесін анықтап алуы керектігін айтты.
-Жалдамалы жұмыскер, жеке кәсіпкер, зейнеткер, студент секілді мәртебесін нақты көрсетуі керек. Жылда 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында тіркеу науқаны өтеді. Сол уақытта басқа елді мекенге қоныс аударған, тұрақты барып жүрген емханасы жабылған тұрғындар емхананы ауыстыра алады, - деді Аманбек Жұмыров.
Ал жедел медициналық көмек алу үшін тұрғындар 103 нөміріне қоңырау шалу қажет. 1-жеделділік санатындағы шақырту өміріне тікелей қауіп төнген уақытта, шақырту алғаннан кейін он минутта жетеді. Ал 2-жеделділік санаты 15 минутқа дейін, 3-жеделділік санаты - 30 минутқа дейін, 4-жеделділік санаты - 60 минутқа дейін келеді. Қандай жағдайларда медициналық қызметкерді үйге шақыруға болады?
-Мысалы, тұрғын науқастанып, дене қызуы 38 градустан жоғары көтерілсе, артериялық қан қысымы жоғарыласа, қандай да бір жарақат алса, вакцинациядан кейін жай-күйі нашарласа дәрігерді үйге шақырта алады, деді басқарма басшысы.
Ал, уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтамаларды дәрігерге барып, лабораториялық және инструментальды тексерістен өтіп, жазылғаннан кейін алуға болады. Сондай-ақ, ауруханаға шұғыл және жоспарлы түрде жату үшін алдымен емханадағы аймақтық дәрігерге көрінуі қажет. Дәрігер науқасты қарап, ауруханаға жатып емделу қажеттілігін анықтайды. Содан кейін, дәрігер аурухананы науқаспен бірлесіп таңдап, жолдама рәсімделгеннен кейін ауруханаға жатқызу талонын береді.
Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұрған жандар дәрілерді тегін ала алады. Атап айтқанда, қан айналым және ас қорыту жүйесі ауруларына, иммундық жүйеге қатысты ақаулар, эндокриндік жүйе аурулары, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасу процесіндегі өзгерістер, сүйек-бұлшық ет жүйесінің және дәнекер тін аурулары кезінде, жүйке жүйесінің аурулары, мінез-құлық және психика жүйесіндегі ауытқулар, жұқпалы және паразиттік аурулардың кейбір түрлері, ісіктер, тыныс алу органдарында кездесетін аурулар, ағзалармен тіндерді ауыстыру операциясынан кейін, несеп-жыныс жолдарында кездесетін ауруларда науқас тегін дәрі ала алады.
Тегін дәрі алып, мемлекет көмегін алған жанның бірі, 62 жастағы Арзухан Байтубетова.
-Мен Қызылтөбе ауылындағы 2-учаскенің тұрғынымын. Тұрғылықты мекен-жайым бойынша тіркеліп, 9 жылдан бері дәрі-дәрмекті тегін алып жүрмін. Жылына екі рет тегін ауруханаға жатқызады. Дәрігерім Жадыра Каржаубаева мен медбике Амангүл Қайырғалиеваға айтар алғысым шексіз. Олар өте білікті мамандар. Кез-келген уақытта күліп қарсы алады, - дейді тұрғын.
Жалпы Маңғыстау облысында денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 15 категорияға кіретін адамдарға мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған және «Батыр Ана» мәртебесі бар, 1,2-дәрежелі «Ана даңқы» орденіне ие көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу түрінде оқитындар, бала күтіміне байланысты, бала асырап алуына байланысты демалыста отырғандар, үш жасқа дейінгі бала күтіміндегі тұлғалар, зейнеткерлер, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың, құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері, минималды қауіпсіздік деңгейінен басқа түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер, уақытша ұстау және тергеу изоляторында ұсталушылар тегін медициналық көмек ала алады.