Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің басшысы Нұрлан Жариевтің мәлімдеуінше облыс бойынша былтыр сүт безі обыры мен жатыр мойыны обыры және тоқ ішек қатерлі ісігінің алдын алу, сондай-ақ болдырмау мақсатында 95 мыңнан астам тегін скринингтік зерттеуден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Былтыр өңірде 1000 адамнан қатерлі ісік дерті анықталса, 2021 жылы 855 адам тіркелген. Көрсеткіш 145-ке артқан. Басым көпшілігі еңбекке жарамды адамдар. Спикер қатерлі дерттің жылдан жылға жасарып бара жатқанын атап өтті. Ал өлім-жітім көрсеткіші керісінше төмендеген. Мәселен, 2021 жылы 368 адам осы дерттен көз жұмса, былтыр 312 адам өмірден озған.
Нұрлан Жариевтің айтуынша, сүт безі обыры бойынша 2022 жылы 25 мыңнан астам әйел скринингтен өткен. 3300-ден астамынан қатерлі ісікке алып баратын факторлар анықталған. Олар дер кезінде ем алып, 2930 адам жазылып кеткен. Бұл скрининг өткендердің 87,7 пайызы.
Сонымен қатар, жатыр мойыны обыры бойынша скринингтік зерттеуден 36 мыңнан астам әйел өтіп, оның ішінде 1600 жуығынан қатерлі ісікке апаратын факторлар анықталған. Ерте тексерілудің нәтижесінде, 1300-ден аса науқас аты жаман аурудан аман қалған. Ал, тоқ ішек қатерлі ісігі бойынша былтыр 33 мыңнан астам адам алдын ала тексеруден өткен. Олардың 4500 қатерлі ісікке әкелетін фактор белгі болған.
Сондай-ақ, облыста 2021 жылы ситация орталық пен жасыл дәліз жобасы іске қосылды. Ал 2022 жылы диспансердің осы орталығы арқылы 3854 адам тексеруден өткен. Олардың ішінде 716 адамнан қатерлі ісік табылған. Олардың 168-і бірінші сатыда анықталған.
-Уақытылы скринингтен өтіп тұру аурудың асқынуынан сақтайды. Сондай-ақ, толыққанды жазылып шығуға мүмкіндік зор болады. Бастапқы сатыларында анықталған қатерлі ісік аурулары мен осы ауруға әкелетін факторлар анықталып, алдын ала ем қабылданады. Соның нәтижесінде жазылып шығу мүмкіндігі жоғарылады, деді Нұрлан Жариев.
Скрининг дегеніміз - ауруларды және қауіп факторларын ерте сатыда анықтау үшін дер кезінде емдеу, асқынудың алдын алу мақсатында, белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық-медициналық тексеруден өткізу.
-Қазір кей адамдарда егер скринингтен өтсем, ауру табармын деген қате түсінік қалыптасқан. Не болмаса жамандық шақырып, сау кезімде неге тексеруден өтуім керек деген ой бар. Ал, тегін скринингтен өтіп, ауруды ерте анықтап оған қажетті ем қабылдау арқылы кез-келген дерттен 100 пайызға айығуға болатынын көбісі біле бермейді, - деді облыстың бас онкологы.
Скринингтік зерттеулерде қандай сырқаттар анықталады?
- Бірінші 18-бен 29 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер арасында мінез-құлықтағы қауіп факторларын ерте анықтауға болады.
- Екінші артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтауға болады. Жас шамасы 18-бен 39 жас аралығы.
- 18 және 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерден асқазан-ішек жолдарының ауруларын және созылмалы бүйрек ауруларын анықтауға мүмкіншілік бар.
- Тыныс алу ағзаларының туберкулезін де анықтауға болады. Жас шамасы 50-ден 70 жас.
- 55 - 70 жас аралығындағы ер адамдар тегін скринингтен өтіп, қуық асты безі обырын анықтауына болады.