Бүгін Ақтауда рухани келісім күніне орай, Бекет ата мешітінде Мәуліт мерекесі атап өтілді, деп хабарлайды mangystaumеdia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған шарада көпшілікке арнайы ас беріліп, содан кейін қайырымдылық шаралар туралы айтылып, ислам діні туралы ақпараттар айтылды.
-Ислам діні әрдайым діндердің және адамзаттың арасындағы бейбітшілікті қалайды. Сондықтан рухани бағыттан адам баласы алыстамауы қажет. Рухани жан тазалығы, қаракөз қыздарымыздың ана сүтімен бала бойына дарытқан кезден бастауын алады. Ал, Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтқандай: «Бір Аллаға сиынып, кел, балалар, оқылық!» демекші, құран әрдайым оқу мен білімге жетелейді. Құрбан айт мерекесіне келер болсақ, 3731 отбасы мен 5 мекемеге құрбандық еті үлестіріліп, 4000 балақайға айттық тәттілері салынған қораптар тараттық, - дейді Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.
Бас имамның айтуынша, қазіргі таңда жат ағымдарға еріп кетпеу мақсатында, әр мешіттің заңмен бекітілген әлеуметтік парақшалары бар. Рухани азық жинағысы келетін жандар үшін, мемлекет бекіткен ақпараттық сайттардан мәлімет алып, сұрақ қоюына рұқсат етілген.
1992 жылы Қазақстанның Алматы қаласында өткен бірінші дүниежүзілік конгресте, Рухани келісім күнін - жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий күні деп жариялаған. Православ шіркеуінің басшысы Александр Пушиннің айтуынша, бұл мереке адамдар арасындағы бірлікті күшейтеді.
-Рухани келісім күніне сәйкес, 16 қазан күні сағат 17:00-де балалармен ересектерге арналған мереке ұйымдастырдық. Бағдарлама бойынша концерт қойып, палау дайындадық. Балаларды атқа отырғызып, ересектерге ән айтқыздық. Біз үшін бұл мереке жақындарымызбен және құдаймен байланыс жасауға көмектеседі,-деді Александр Пушин.
Діндарлық татулықты сақтау мақсатында, діни конфессия өкілдері «Ақбота» саябағында ағаш отырғызды. Олардың айтуынша, ішкі әлемі бай адам қолымен де, тілімен де қоғамға зиянын тигізбейтін, қоршаған ортаға пайда әкелетін жан болуы тиіс.