2022 жылдың қараша айынан бері «Кибер-шериф» құралы Маңғыстау облысындағы 5 813 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы ПД ЖПҚБ бастығы полиция подполковнигі Данияр Азимовтың айтуынша, «Кибер-шериф» кешенінің мүмкіндіктері жоғары. Нақтыласақ жолақтардың үш қатарын қадағалап, көліктерді 150 метрге дейінгі қашықтықта тіркей алады. Жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілердің мемлекеттік нөмірлерін тану арқылы инспекторға қосымша хабарлайды, объектілерді деректер базасына сәйкес автоматты түрде іздейді, оларды тіркеп, бейнеге түсіреді.
2022 жылдың қараша айынан бері «Кибер-шериф» құралы Маңғыстау облысындағы 5 813 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Сонымен қатар Маңғыстауда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Сергек» бейнебақылау жүйесін іске қосу жоспарлануда. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, өңірдегі өзекті мәселе - жол-көлік оқиғаларының көбеюімен қатар, жасөспірімдер арасындағы қылмыс.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы, компьютерлік ойындарға әуестену, құқықтық сауаттылықтың төмендігі және жасөспірімдер үшін бос уақытты ұйымдастырудың болмауы себеп болып тұр. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін рейд жүргізілді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандарға алкогольді ішімдіктерді, темекі өнімдерін өткізу, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болу фактілері анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде, заңға сәйкес, тұрмысы нашар отбасы балалары есепке алынады, - деді Маңғыстау облысы ПД ЖПҚБ бастығы полиция подполковнигі Данияр Азимов.
2022 жылдың соңында есірткіні сату, аса ірі көлемде сақтау, есірткі заттарды заңсыз жарнамалау, притондар ұйымдастыру сияқты 390 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Заңсыз есірткі айналымынан 298 килограмм есірткі заты тәркіленді.
Нұрлан Ноғаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары, сондай-ақ есірткі қылмысымен күрес мәселесі бірінші кезекте тұруы керектігін атап өтті.
- Жасөспірімдер ересектерге қарағанда, өз әрекеттерінің салдарын болжай алмайды. Кейбір жастар қоғамдағы азаматтық борышты, имандылықты, тату-тәтті өмір сүруді негізге алмайды. Көбінесе балалар мен жасөспірімдер қылмыстың ауырлығын түсінбей, заңсыз әрекеттерді қызықты ойын сияқты санайды. Құқық бұзушылықтың негізгі себебі де - осы. Сондықтан құқық қорғау қызметкерлері азаматтық қоғаммен, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша белсенді жұмыс істеуі керек. Ата-бабаларымыз балаларға үлкен көңіл бөлген. Қандай жағдай болса да мұны жоғалтып алмауымыз қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.