Маңғыстау облысында 2022 жылы діни экстремизмнің алдын алу мақсатында 30 472 адамды қамтыған 497 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылған. Бұл туралы mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып хабарлайды.
Брифингте өңірлік дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов хабарлады.
Спикердің айтуынша, аталған шаралар радикалды идеологияға тосқауыл қою мақсатында жүзеге асырылған. Сондай-ақ, дін істері басқармасының басшысы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары дәріс және семинар өткізумен шектелмей, интеллектуалды және мәдени іс-шаралармен толықтырылғанын айтады.
-Соңғы төрт жылда басқарманың ұйымдастыруымен облыс көлемінде жас ақындар айтысы, жыр сайыстары өткізіліп келеді. Бұл жастар арасында ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін арттырып, өткен ғасырлардағы жырауларымыздың, ақын-жыршылардың дін турасында айтып кеткен жырларынан үзінді келтіріп, дұрыс түсінік қалыптастырады. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында 2022 жылы 7 тақырып бойынша подкаст дайындалып, оның аясында «Шетелде діни білім алу қауіпті», «Мектеп формасын сақтау міндетті!», «Қазақ жастары және дін», «Дәстүрлі өнер мен дәстүрлі діннің сабақтастығы барма?», «Дін және спорт», «Жастардың дінге деген көзқарасы қандай?» тақырыптары қамтылды, - деді Мақсатбек Маханбетов.
Баспасөз конференциясында спикер тұрғындарға әлеуметтік желіде қандай да бір діни топқа тіркеліп, ондағы діни маңызы бар ақпараттарды жүктеп, өзгелермен бөлісуге немесе таратуға болмайтындығын түсіндірді. Мәселен, 2022 жылы діни маңызды 15 құқықбұзушылық тіркелген. Олардың 5-і заңсыз діни кітапты таратқан, 9 адам әлеуметтік желілер арқылы діни маңызды ақпарат бөліскен, 1-і заңсыз миссионерлік қызмет жүргізген. Анықталған азаматтар әкімшілік құқықбұзушылық баптары бойынша жауапкершілікке тартылған.
Брифинг барысында Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов рамазан айында әлеуметтік желіде тікелей эфирлер ұйымдастырылып «сұрақ-жауап» айдарында тұрғындардан келіп түскен 600-дей сұраққа жауап берілгенін айтады. Сондай-ақ, бас имам рамазан айында жасалған бірқатар іс-шаралар туралы айтып өтті.
- Маңғыстау мешіттері рамазан айында халыққа рухани тәрбие беру, ізгілікке баулу мақсатында 1500 балаға тәттілер салынған «Рамазан базарлығы» атты қорапшаларды үлестірді. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясы аясында кезекті баспананың кілті Қарақия аудандық орталық мешітінің тазалықшысы, жалғызбасты ана Әбуова Айгүл Оңалбайқызына табысталды. Өңіріміздің мешіттері 80 шақты мүмкіндігі шектеулі жанға яғни 140 жанұяға «Рамазан қоржындарын» үлестірді. Облыс көлемінде 100 түп ағаш отырғызылды. Әр жексенбі күні «жат діни ағымнан сақтанайық» атты тұрғындарға дәріс оқылып,облыстық мешітте күн сайын 3280 адамға ауызашар беріліп жатыр, -дейді Әнуар Елжанов.