Өткен жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін (ҚК-нің 124-бабының 2-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі) У.-ға қатысты қылмыстық істі қараған болатын. Сот айыпталушыны кінәсіз деп тауып, апелляциялық шағымды өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық сотқа сілтеме жасап.
Тергеу У.-ды 2016-2021 жылдар аралығында кәмелетке толмаған қызын бірнеше рет зорлаған деп айыптаған болатын.
Прокурор мен кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны кінәлі деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ олар сотталушыдан моральдық шығын ретінде 30 миллион теңге өндіруді сұрады.
Адвокаттар мен сотталушы У.-ның өзі кінәсі дәлелденбегенін көрсете отырып, соттан кінәсіз деп танылған үкім шығаруды сұрады.
Сот У-дың кінәсі дәлелденбегендіктен ақтау үкімін шығарды.
«Сонымен, сот талқылауы кезінде сотталушының кінәсі расталмады, заңды өкілдің, кәмелетке толмаған жәбірленушінің, сондай-ақ кәмелетке толмаған куәнің айғақтары іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, атап айтқанда сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен жоққа шығарылады.
Ақталғандарға заңсыз қудалау салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы түсіндірілді.
Сондай-ақ сот Маңғыстау облысының прокурорына сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жіберілген өрескел заң бұзушылықтар туралы жеке ұйғарым шығарды», - деді сот.
Жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсіргенімен, сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.