Құқықтық сауаттылық жоғары болған сайын, құқық бұзушылықтың динамикасы да төмендейді. Осы мақсатта Маңғыстау облысы әділет департаментінің ұйымдастыруымен “Достық үйіне” келушілерге тегін құқықтық кеңес берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Кеңес беруге білім, денсаулық, тұрғын үй шаруашылығы сынды басқармалар мен облыстық прокуратура, адвокаттар қатысты.
Әділет департаменті басшысының орынбасары Айзат Тіленбаевтың айтуынша, бүгін жоғары сынып оқушылары арнайы шақыртылды. Себебі, барлық адамның сапалы заң көмегін алуға құқы бар. Оның ішінде әсіресе жастарға қазір құқықтық сауаттылық, кеңес, көмек ауадай қажет.
-Адвокаттық қызмет және заң қызметі туралы заңда көрсетілгендей мәртебесі мен мәселесіне қарай тегін көрсетілетін заңдық қызметтің бірі - құқықтық кеңес болып табылады. Кеңес тек ауызша ғана емес, жазбаша да болады. Ол - әр адамның өтініші бойынша арыз, өтініш дайындауға көмектесу. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат - өңір жұртшылығын құқықтық сауаттылылыққа, өз білімін арттыруға шақыру. Жүрмелі кеңес беру алаңдары біздің облыста аудандарда да өткізіліп тұрады. Өкінішке орай, аудандардағы, ауылдағы тұрғындар құқықтық кеңес алуға әлі селсоқ қарайды. Жоғарыда айтқанымдай санатқа байланысты көрсетілетін тегін берілетін құқықтық көмек, қызмет түрлерінен бейхабар, - дейді ол.
Департамент өкілінің айтуынша, Ақтау қаласы бойынша 5 шағын аудан 7 үй 16 кеңседе күніне 7-8 адвокат тұрғындар сауалына жауап беріп, кеңес беруге дайын. Адвокаттармен қатар құқықтық көмекті заң кеңесшілері де көрсетеді. Ол үшін Ақтаудағы 7-7-77 мекен-жайына хабарласуға болады. Қалған аудандар мен Жаңаөзенде де тегін кеңес беру орындары құрылған.
Сондай-ақ, тегін заң көмегін көрсететін адвокаттар тізімі Маңғыстау облысы әділет департаменті сайтында көрсетілген.