Қоғамдық коммуникациялар қызметі алаңында «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Н.Қарасаев пен микроқаржы ұйымының жетекшісі Б.Сынабаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда жергілікті кәсіпкерлік субьектілердің үлесін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдауды қуаттау, бизнес-қауымдастық өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс тінін нығайту арқылы кәсіпкерліктің кең өріс алуына жол ашу, осы бағыттағы жаңа жобалардың жүйелі жүзеге асуына қолайлы жағдай туғызу сынды тақырыптар төңірегінде ой қозғалды.
«Былтыр «қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында бірқатар ауқымды істер атқарылды. Осы бағытта қанағаттандырылған жобалар рейтингісінде республика бойынша алдыңғы қатардан орын тептік. «Қарапайым заттар экономикасымен» 71 жоба қарастырылды. Оның 38-і нақтыланып, 57 млрд теңгеге қаржы игерілді. Мал өсіру, көкөніс егу, қойма қызметі, пластик шығару және өзге де медициналық қызмет көрсету бағытында нәтижелі іс-шаралар жүзеге асты. Бұл жоба жаңадан құрылған және жүйелі жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарындың белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өткен жылы жоба аясында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі өңірлік жобалық кеңсесі іске қосылды. Кеңсе төрағасы ретінде мен және тең төрағасы болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев сайланды. Жобалық кеңсенің басты қызметі - бизнесті қолдауға бағытталған қаражатты тиімді игеру мәселесі және мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту үлесін ұлғайту. Мемлекеттік органдар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен төрт бағытта бірлесе мониторинг жүргізді. 1 шілде күні мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту 0 пайызды құраса, жарты жыл ішінде жасалған жемісті жұмыстар нәтижесінде аталған көрсеткіш кем дегенде 20 пайыздан асып отыр. Бұл қызмет бұдан әрі де өз жалғасын табады, басты меже кемі 40 пайыздан төмен деңгейге тұрақтамау. Атаулы жоба жергілікті өнімдерді мемлекеттік мекемелердің сатып алуына мүмкіндік туғызады. Биылдан бастап отандық тауарларға индустриалды сертификат беру жүзеге асырылады. Индустриалды сертификатты иеленген кәсіпкерлер өз өнімдерін мемлекеттік органдарға өткізе алады. Бұның барлығы тауар өндіруші жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған іс-шаралардың бір бөлігі ғана», - дейді Н.Қарасаев.
Оның мәліметіне сүйенсек, былтыр палатаға кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бойынша 134 сауал келіп түскен. Оның 50 пайызы оң шешімін тауып, кәсіпкерлер құқығы қорғалды. Нәтижесінде 1,8 млрд теңге бизнеске өндірілді.
«Өздеріңізге мәлім палата кәсіпкерлердің төлем жарнасы негізінде қызмет атқарады. Төлем жарнасының жылдық мөлшері 250 млн. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш палата қызметінің тиімділігін айғақтай түседі.
Кәсіпкерлер бетпе-бет келетін өзекті мәселенің бірі - жер телімдерін тиімді игеру. 2015-16 жылдары заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі күрмеулі түйіндердің негізгісі. Көптеген кәсіпкерлер аталған жер аумағында жеке кәсібін табысты жүргізіп отыр. Түйіткілді істердің 80 пайызға жуығы мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары мен прокуратура және сот жүйесі қызметкерлерінің қолдауы әрі қоян-қолтық атқарған қауырт қызметі нәтижесінде іскерлік орта өкілдері үшін оңынан шешілді.
Биылдан бастап әкімдікке жер телімдерін және жер телімдерін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты яғни барлық аукциондар мен конкурстарды электронды форматқа көшіру бойынша талап қойып отырмыз. Егер бұл жоспар сәтті жүзеге асса жоғарыда атап өтілген заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуына жол берілмейді және ашықтық қағидаты толығымен сақталады. Әр азамат жарияланған ақпаратқа сәйкес өз ұсынысын кез келген жерде отырып-ақ бере алады. Бұл жоспар облыстағы жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері тарапынан қолдауға ие болды», - деп атап өтті палата директоры.
Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2405 жұмыссыз оқытылған. Нәтижесінде оның 626-сы өз ісін бастап, құны 826 млн, теңгені құрайтын жобаларды сәтті жүзеге асырған. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен жергілікті бюджет есебінен қосымша 400 адам бизнес, қаржылық сауаттылық бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болған.
«Маңғыстауда бастау алған жоба ретінде бизнеске арналған Үкімет жобасын іске қостық. Сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» компаниясының сатып алуларына жергілікті тауар өндірушілерді жұмылдыру жобасы бастау алды. Қазіргі таңда аталған компанияны қажетті тауарлармен қамтуға қауқары жетеқабыл жергілікті кәсіпкерлер саны 33-ке жетті. Бұл жоба алдағы уақытта белсенді жүзеге асады», - деп мәлімдеді Н.Қарасаев.
«Жергілікті өнімдердің бағасы сырттан енетін тауарлармен салыстырмалы түрде қымбат. Бізде өндірілетін тауарларға қажет шикізат шеттен тасымалданады. Сондықтан құны да жоғары. Ал кез келген тұтынушы арзан дүниені іздейді. Бірақ біз бүгінгі таңда белгілі бір талап қойып отырмыз. Жергілікті жердің шикізатын пайдаланып отырған соң, жер қойнауын пайдаланушы іргелі кәсіпорындар бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Жеке кәсіпкерлер де тапсырыс көлемін ұлғайтқан соң жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға міндетті», - дейді филиал жетекшісі.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында «Атамекен» микроқаржы ұйымының директоры Б.Сынабаева БАҚ өкілдері сауалдарына жауап берді.
«Біздің мекеме 2016 жылы құрылды. Мекеменің құрылуына бірден-бір себепкер жеке кәсібін жүргізуге ниетті жандардың алдынан шыққан қаражат мәселесі еді. Себебі көптеген екінші деңгейлі банктер қала тұрғындарына ғана кәсіп бастауға несие береді. Ал шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерде өмір сүретін халықтың қаражатқа қол жеткізуі аса қиынға соқты. Сол себепті палата облыстағы барлық кәсіпкерлердің мүддесін көздей отырып, микроқаржы ұйымын іске қосты. Республика бойынша бізден бөлек бес облыста атаулы ұйым жүйелі жұмыс жасап келеді. Бүгінгі таңда біз 2 млрд 207 млн теңге көлеміндегі 405 бизнестің ашылуына қаржы бөлдік. Алғашқыда 588 млн теңге жарғылық құнмен қызметімізді бастадық, 2017 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысу арқылы 882 млн қаражатты тартып, халыққа үлестіруде жемісті жұмыс жасадық. «Бастау бизнес» бағдарламасы арқасында кәсіпкерлердің қаржылық-құқықтық сауаттылығы артып келеді.
2017 жылдың желтоқсан айында «Аграрлық несие корпорациясы» және «КазАгроГарант» филиалдары өз қызметін бастаған болатын. Соңғы төрт жылмен салыстарғанда ауылдағы кәсіпкерлік қызметті дамыту әрі қолдауға әуел баста 250 млн теңге бөлінген еді. Бұл қаражат қазіргі таңда 1 млрд 244 млн теңгеге жетіп отыр. Және қосымша былтыр жыл соңында 280 млн теңге қаржы бағытталды», - дейді Б.Сынабаева.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ