©
Бұл жөнінде «Жасұлан флора» ЖШС директоры Жұмагүл Омарова бүгін Ақтау қалалық әкімдікте өткен брифингте мәлімдеді. Каспий маңы елдерінің 5-ші саммиті қарсаңында қаланы ажарландыру аталмыш мекемеге сеніп тапсырылған. Ол үшін 823 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде көшелерге 7 миллиондай гүл егілген.
Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Астана, Алматы қалаларын жасыл-желекке орап жүрген компания бұл жолы Ақтауға да табан тіреді. Дегенмен мұнда біраз кедергіге тап болғанын жеткізді.
- Біздің компанияның бұл салада қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан асты. Мәскеу қаласындағы ботаникалық бақтың ғылыми қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстанның бірнеше қаласында болдық. Бірақ Ақтауға келгенде үлкен қиындыққа кезіктік. Ең қиыны – жол жиегіне гүлзарлар жасау болды. Өйткені жерді қазғанда астында қоқыс, құрылыс қалдықтары, тастар өте көп болды. 200-ден астам көлікпен қоқыс шығарылды. Германиядан, Литвадан барлығы 7 вагон шымтезек (торф) алынды. Күн өте ыстық болғандықтан, кейбір жерлерде 10 реттен де көбірек егілді, - дейді Жұмагүл Омарова.
Ауа-райының қолайсыздығынан компания қызметкерлері бірнеше сағаттап гүлзарлардың жанында жүріп, бақылауда ұстаған. Гүл екпестен бұрын жерге бірнеше қоспа араластырып, құнарын арттырып алғанын айтады.
- Перлит, сұйықты ұстап тұру үшін гидрогель төгілді. Шамамен 25-тей гүл түрі отырғызылды. Питония, лаванда, стахис, цинерария, бегония, пеларгония, барбарис т.б. Олардың 40 пайызы - көп жылдық гүлдер. 35 маман, 4 водовоз жұмыс істеді. Бірақ олармен суарып үлгеру мүмкін емес. Сол себепті тамшылатып суару жүйесін қостық. Ұзындығы 20 шақырымдай. Ассамблея ғимаратының жаны да сары дала болатын. Қазір ол жерді де гүлзарға айналдырдық, - дейді компания басшысы.
Аталмыш компания орталық айналма жолға вертикалды жасыл-желек орнатқан. Сондай-ақ Ақтау қаласының 55 жылдығына 1 млн гүлді сыйға тартқан.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Басты сурет сайттың архивінен