Маңғыстау өңіріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұнайлы ауданы Атамекен ауылындағы №12 мектепте аймақ тұрғындарымен кездесті.
Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары – Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Бақытгүл Хаменова, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тарас Хитуов, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ерлан Барлыбаев, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ирина Унжакова, сондай-ақ Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан ақсақалдары мен тұрғындары, мектеп ұжымы қатысты.
Парламент мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жайында халыққа кеңінен түсіндіріп, баяндап берді.
«Құрметті қонақтар, қадірлі ұстаздар, ардақты ардагерлер. Сіздерді батыс өңірінде кеңінен тойланатын Амал күнімен, Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін Елбасымыз әр уақыт маңызды мәлімдеме, салмақты жолдаулар жариялап, ауқымды бағдарламалар ұсынып келеді. Осы сапарымызда облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесіп, өңірдің дамуы туралы мәлімметтерге қанықтық. Көп жақсылықтың көзін көріп, көңіліміз марқайып қалды. Ералы Лұқпанұлының жасап отырған игілікті жұмыстары лайым әрі қарай жалғасын тауып, өміршең болсын деген тілегіміз бар. Құрметті ағайын, біз Елбасының елге жариялаған Бес әлеуметтік бастамасын өздеріңізбен бірге зерделеуге, Астанадан бастау алған бағдарлама қалай іске асырылатынын ақылдасып, кеңесуге келдік. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді де тыңдайық. Қадірлі ұстаздар, Президенттің әлеуметтік бастамаларында білім саласына, оқу орындағы студенттердің жағдайын жасауға көп көңіл бөлінген», - деді Б.Хаменова.
Мәжіліс депутатының мәліметінше, бүгінгі таңда жоғары оқу орнында 530 мың студент білім алып жатыр, оның 30 пайызға жуығы мемлекеттік грантпен оқиды. Мемлекеттік гранттар 2018-2019 оқу жылдарында 20 мың грантпен толығады. Бұл өз кезегінде 20 мың балаға білім алу мүмкіндік береді. Ал гранттардың 11 мыңға жуығы техникалық мамандықтарға арналған. Оның себебі - қазіргі заман ақпараттық-технологияның дәуірі. Техника тілін меңгермей даму мүмкіндігі жоқ екені белгілі.
«Биыл қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысына да 30 пайыз үстемақы қосылды. Жаңа білім үлгісімен білім жетілдірген ұстаздардың барлығы сәуір айынан бастап жоғарылатылған айлыққа қол жеткізеді. Бұл болашақтағы сіздердің біліктіліктеріңізді көтеруге арналған. Мемлекетімізде білім саласын дамытуға жасалып жатырған бұл шаралар, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің ертеңі үшін өте маңызды, өміршең дүниелер. Халқымызда «Рухыңды түзеймін десең ұлыңды қорға, ұлтыңды қорғаймын десең қызыңды қорға» деген мақал бар.Ұлттық код дегеніміз – біздің ұлттық тіліміз бен діліміз, мәдениетіміз бен тарихымыз. Елбасымыз айтқандай, Ұлттық кодымызды жаңғыртпай рухани жаңғыру идеясын ойдағыдай жүзеге асыра алмаймыз. Сондықтан, баршаңызды игі бастамаға жұмыла кірісіп, білім-біліктіліктеріңізбен атсалысуға шақырамын», - деді Мәжіліс депутаты Б.Хаменова.
Елбасының әлеуметтік маңызы мол бастамасында халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселелері қамтылған. Парламент мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тарас Хитуов баспанаға қатысты бағдарлама мақсаттарын түсіндірді.
«Әрбір отбасына баспана беру мәселесі Президенттің бес әлеуметтік бастамасында 7-20-25 бағдарламасында айқын көрсетілді. Елімізде 2017 жылы республика бойынша 11 млн 200 мың шаршы метр тұрғындарға берілген. Бірақ, әлі де мыңдаған адам баспанаға мұқтаж. Бұған дейін банк шарттарында сыйақы 14-16 пайыз, алғашқы төлем 30-50 пайыз болғаны белгілі. Елбасы ұсынған бағдарламада тұрғын үй алушыларға сыйақы мөлшері 7 пайыздан, алғашқы төлем 20 пайыздан және төлеу мерзімі 25 жылдан аспайды. Мәселен, орташа есеппен 7 миллион теңге тұратын тұрғын үй үшін несие рәсімделсе, ай сайынғы төлем 50 мыңнан аспайды, 20 миллионға рәсімдесе ай сайынғы төлемі 140 мың теңге шамасында болады. Сондай-ақ әлеуметтік бастамада еңбекақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту мәселесі де бар. Қазір елімізде 6 миллион салық төлеуші болса, оның 2 миллионы еңбекақысы төмен жұмысшылар. Президент бағдарламасында осы санаттағы салық төлеушінің тиісті 11 пайызының 10 пайызы шегеріліп, 1 пайызын ғана төлеу міндеттеледі», - деді Тарас Хитуов.
Сонымен қатар, Тарас Киікбайұлы әлеуметтік бастамадағы шағын несие беруді көбейту тақырыбына тоқталды. Бұл бағытта еліміз бойынша 2017 жылы мемлекеттен 32 миллиард теңге несие берілген. Жаңа бағдарлама бойынша қосымша 20 миллиард теңге шағын несие беруге бөлінеді, бұл тағы 14 мың адамның өз кәсіптерін дөңгелетіп, жұмыс жүргізуіне дем береді.
«Газбен қамту мәселесі де еліміз үшін өте өзекті. Өздеріңізге мәлім, Маңғыстау облысы газбен 100 пайыз қамтылған өңір. Дегенмен, Солтүстік, орталық облыстарда, елордамыз Астанада газбен қамту күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта Қызылордадан Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыттарында газ құбырларын тарту бойынша жобалар жасалып жатыр. Әлеуметтік маңызы үлкен бұл жұмыстар нәтижелі жүзеге асатынына, Президенттің әлеуметтік бастамалары ел дамуының басты бағдарына айналарына сенеміз», - деп сөзін түйіндеді Т.Хитуов.
Президенттің әлеуметтік бастамаларына байланысты Мұнайлы ауданы тұрғындары өз пікірлерін айтып, ойларымен бөлісті.
«Мұнайлы кезінде Елбасының өзі ашқан аудан, қазір аймақтағы тұрғындардың 80 пайызы елімізге оралған қандастарымыз. Халықтың тұрмыс ахуалы жақсы. Аудан халқы Елбасымызға ризашылық білдіріп, алғыс айтады. Әркез Елбасының сарабдал саясатын қолдайды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы – халықтың ойынан шыққан бастама. Біздің Қоғамдық кеңес халық пен биліктің ортасындағы дәнекер. Біз халықпен кездесу кезінде игілікті бастама жайында жылы пікірлердіжиі естиміз. Сондай-ақ, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да көпшіліктің көкейіне ой салды. Осы арқылы өңір халқы өткен тарихына көз жүгіртіп, тарихи тұлғаларын тани түсті. Жалпы, еліміздің рухани мұрасы, қазынасы мол. Бізге енді тек еуропалық технологиялар тұрғысынан қажеттілік бар. Саяси ахуал өте жоғары, аудан тұрғындары атынан Елбасының саясатын қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Сіздерге елімізді дамыту жолында жетістіктер тілейміз» деді облыстық мәслихат депутаты, Мұнайлы аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Табылды Әміров.
Келелі кездесу барысында жиынға қатысушылар тарапынан тендер жүргізудегі түйткілді мәселелерге заң шеңберінде талаптар қою, сапасыз жұмыстардың алдын алу, ауданға қаладан электр жарығын таратушы делдал мекемелер қызметі, аудандағы тарифті өсірмеу, тұрғын үй сапаларына бақылауды күшейту жайы көтеріліп, ұсыныс-пікірлер айтылды. Ардагер ақсақал Алдаберген Убайдулла халық қалаулыларына аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, көкейдегі мәселесін жеткізді. «Сіздерге айтар алғыс-тілегіміз көп. Президенттің әлеуметтік бастамалары бойынша мағыналы әңгімелер айтып отырсыздар. Біз де еліміздің баянды болашағы үшін жасалып отырған жұмыстарға, қабылданған игі шараларға шын жүректен қуаныштымыз. Бағдарламаға қатысты мен тұрғын үй құрылыстарының сапасына, банктен алынған шағын несие бойынша жиі кездесетін мәселелерге алаңдаймын. Үй қолданысқа берілгеннен кейін немесе банктен несие алғаннан кейін біз негізсіз төлемақы жасағанымызды сот арқылы анықтап, өндіріп жатамыз. Осы мәселелердіӘділет министрлігінің қарауымен халықтың мүддесіне шешіп берсе деген өтінішім бар, себебі, келісімшарт құжаттарында түсініксіз төлемдер қосылып, оны кейін көз жеткізіп, соңынан әлек боламыз» деді ол. Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова қария қозғаған мәселенің орынды екенін айтып, мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік бағдарлама барысында тұрғын үй сапасы, шағын несие беру жұмыстары қатаң бақылауға алынатынын атап кетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 94,1% жеттіЖиын соңында Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев өңір өркендеуінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасы үлкен маңызға ие екенін айтып, ауданның бүгінгі әлеуметтік ахуалына тоқталды.
«Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы елімізге, өңірімізге, Мұнайлы ауданына үлкен серпін беретіні анық. Бұл бағытта қазірде жұмыстар басталып кетті. Өткен жылы біздің ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 115 маманға несие беріліп, жас мамандар баспаналы болды. 2017 жылы 116 маманға аталмыш бағдарламаны ұсындық, бұның барлығы 300 миллион теңгеден аса қаражатты құрайды. Биылғы жылға 33 маманға ғана қаражат бар. Бірақ, біз мұнымен шектелмейміз, аймаққа аса қажетті мамандарды тарту үшінреспубликалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрап отырмыз. Ары қарай бөлінген қаржы көлеміне байланысты мамандар қатарын толықтыра түсетін боламыз. Аудандық мәслихатпен осы бағытта, білім, медицина, т.б. сала бойынша білікті мамандар шақыру мәселесін талқылаймыз. Сонымен қатар, ауданда биыл 24 пәтерлік 12 үй салынды. 2009-2017 жылдар аралығында тұрғын үйлер қатары айтарлықтай көбейді. Қазір ауданымызда 2700-ге жуық адам баспанаға мұқтаж. Биыл тағы 8 үй, яғни 192 пәтер тапсырылады. Жобалық сметаның жасақталуына, қаражаттың көлеміне қарай халықты баспанамен қамту жұмыстары жалғаса береді. Тұрғын үй сапасы туралы мәселе орынды қозғалып отыр. Салынатын үйдің сапасы біздің жіті назарымызда, үй қолданысқа берілгеннен кейін 2 жыл бойы мердігер компания тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына кепілдік береді, біз құзыретті органдармен бірлесе отыра бұл жағын қадағалауда ұстаймыз. Елбасымыздың ел дамуының бас жоспары іспеттес әлеуметтік бастамасы өңіріміздің өркендеуіне жол ашады деп сенеміз, игі іске әрбіріміз үлес қосуымыз керек» деді аудан әкімі.
Мәжіліс депутаттары Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері басты назарға алынатынын айтып, көпшілікті игілікті бастамаға бірігіп жұмыс жасауға үндеді.
Жайық НАҒЫМАШ