©
Бүгін өткен аппарат жиынында алдымен облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов газ құю бекеттеріндегі жағдайды баяндады.
– Кеше Ақтау қаласына 222 тонна сұйытылған газ жеткізілді. Бүгін тағы 205 тонна газ жеткізу жоспарланып отыр. «Қазақ газ өңдеу зауытының» қорында 1200 тонна газ бар. Зауыттан газ құю бекеттеріне күніне 470 тонна газ жіберіледі. Осы қалыпты ұстап отырсақ, көліктердің кезегі орын алмайды, – деді Бекмұрат Қыдырбайұлы.
[caption id="attachment_39169" align="alignleft" width="434"] Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ұ. Мылтықов[/caption]Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзен қаласында жұмыс істемейтін 2 газ құю бекетіне 160 тонна газ заңсыз берілгенін айтып, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Ұлықбек Мылтықовқа бұл істің анық-қанығын тексеруді және қылмыстық іс қозғауды тапсырды.
– Облыстағы 191 газ құб бекетінің ( Ақтау қаласында – 140, Жаңаөзенде 44, Маңғыстау ауданында – 21, Мұнайлы ауданында – 58, Қарақия ауданында –10, Түпқараған ауданында – 13, Бейнеуде –7 ) тек 44-інде ғана пломба бар. Ақтау қаласының 9, Жаңаөзеннің 2, Маңғыстау ауданының 1, Мұнайлы ауданының 38 газ құю бекетінде пломба болса, Қарақия, Түпқараған, Бейнеу аудандарында тіптен орнатылмаған. Ақтауда 25, Жаңаөзенде 7, Маңғыстау ауданында 6, Мұнайлыда 16, Қарақияда 7, Түпқарағанда 6, Бейнеуде 2 газ құю бекетінде бейне бақылау бар, – деді облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Ұлықбек Мылтықов.
Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы 10 күннің ішінде облыстағы газ құю бекеттерінде зауыттан алынған көлем мен сатылған мөлшерді есептейтін бірыңғай есептегіш құрал орнатуды міндеттеді. Орынбасарлары мен барлық әкімдерге жағдайды апта сайын баяндап отыруды жүктеді.
Естеріңізге сала кетейік, газ мәселесі сайтымызда бұған дейін бірнеше рет жарияланған болатын. Жанармай тапшылығы жалпы республикаға ортақ мәселе екенін айтқан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева жанармай мәселесінің қараша айында толық қалпына келетінін айтқан болатын.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен