Шетпе – Маңғыстау облысындағы 90 жылдық тарихы бар ең көне ауданның орталығы. Ғалымдардың айтуынша, Шетпе топонимі парсының чешме – «қайнар көз, бұлақ» деген сөзінен пайда болған. Бірақ Қаратаудың етегіне жайғасқан Шетпенің аты бүгінде бұлағымен емес, керісінше бұрқыраған шаңымен қатар аталады. Ауыл тұрғындары қиыршықтас шығаратын карьерлердің Шетпені шаңға көміп, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырғанын айтып арызданады. Тауды тесіп, тас уатып, қиыршық тас өндіріп, миллиондап пайда тапса да, кейбір карьерлердің қарапайым экология талаптарын сақтамай отырғаны бірнеше рет айтылып, жазылып та жүр. Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, ауылдағы карьер саны 1998-2000 жылдары 3-еу болса, 2005-2008 жылдары 4, 2010-2014 жылдары 13, 2015-2016 жылдары 5-еуі қосылған. Бірақ карьер саны бүгінде 25-ке жеткенімен, экологиялық талаптарды сақтау жағы көңіл көншітпейді. Осы мәселеге қатысты Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен апта басында арнайы комиссия құрылды. Мақсат - карьерлердің техникалық-экономикалық, экологиялық, салық, миграциялық, әлеуметтік, тасымалдау жағдайын толық зерделеу. Осылайша облыстық ІІД көші-қон қызметі басқармасының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, Жер қатынастары басқармасының, Экология департаменті мемлекеттік бақылау бөлімінің, Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының өкілдерінен, қоғам белсенділері және журналистерден құралған топ жолға шықты. Маңғыстау ауданынан комиссия құрамына аудан әкімінің орынбасары Т.Қыланов та қосылды.
Біз не көрдік?
Карьерлерде шаң сору, су себу, көгалдандыру жұмыстарының қалай ұйымдастырылып жатқанын тексеру үшін рейдтік топ алдымен осыдан 4 ай бұрын ашылған «Маңғыстау қазына» ЖШС-не қарасты карьерге келді. Мекеме басшысының орынбасары Ж.Нұрмановтың айтуынша, олар екі ай бұрын ғана Түркиядан тасуатқыш аппаратқа су бүркетін қондырғыны сатып алған. Карьердің айналасына күніне 3 мезгіл су шашылады. «Қиыршық тас өндірген кезде шаң шығады, бұл қондырғы су сеуіп, шаңды басады. Шетелден мамандар арнайы келіп, қондырғыны орнатып кетті. Қазір қондырғы өндіріс орнынан шыққан шаңды 80 пайызға басып отыр. Тәулігіне 20 куб су пайдаланылады. Суды Шетпеден тасымалдап отырмыз, әрі жерасты суларын пайдалану үшін ұңғыма жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде 60 метрден су шығып отыр, бірақ 120 метрге дейін қазамыз», - дейді нысан басшысы А.Төлепов. Бұдан соң «Дженгиз Иншаат» түрік компаниясының карьеріне келдік. Бірақ рейдтік топтың келуі түскі мезгілге тап келгендіктен, өндіріс басынан жанармай толтырып жатқан жүргізушілерден басқа ешкімді кездестірмедік. Олардың айтуынша, компания қазір «Жетібай-Жаңаөзен» тас жолын салып жатыр. «Интегрейтед Саплай Сервис» компаниясына тиесілі карьер басында да екі оператордан басқа ешкімді кездестіре алмадық, олар тасуатқыш құрылғының он күннен бері жөндеуде тұрғанын айтты. Мемлекеттік кірістер департаментінің маманы бұл компаниядан ешқандай салықтың түспей тұрғанын жеткізді. «Заң бойынша, яғни Қаржылық есептіліктің халықаралық стандартына сәйкес, тасуатқыштар да мүлік ретінде есепке алынуы тиіс. Байқағанымыз, мекемелердің көпшілігі салығын төлеп отыр. Толықтай төлеп отырғандары бар», - деді мемлекеттік кірістер департаментінің маманы С.Сақауов. Бұдан кейін «Мұңал-М» ЖШС қарасты карьерге келдік. Бұлар өндіріс орнындағы шаңды басу үшін қондырғы орнатқан, салығын төлеп отыр. Бірақ өндіріс барысында қағаз жүзінде есеп жүргізілмейтінін байқадық. Мекеме басшысы барлық құжаттар кеңседе сақталатынын айтты. «Водовоз бен таразы, тағы басқа қосалқы жұмыстарды көрші мекемеден жалға аламыз», - дейді мекеме басшысы Құсайын Мырзақұлов. Бұдан соң «Азия тас 1000» мекемесіне келдік. Бұлар карьер жанынан ұңғыма қазып, 45 метрден су шығарып отыр. Бұлардың қиыршық тастарды уату кезінде шаңды азайту үшін су сеуіп отырғанына куә болдық.Көліктер қайда кетті?
Карьерлердің ортасында отырған Шетпе тұрғындарының тағы бір жанайқайы – жүк көліктерінің қиыршықтасты нормадан артық тиейтіні. Бұл көліктер күн сайын қиыршықтасты «Шетпе-Жетібай» республикалық жолымен тасымалдайды. Асыра толтырылған көліктен ұшқан қиыршықтас соңынан жүрген көлікке төгіліп, апаттық жағдай туғызғаны бір бөлек, мөлшерден тыс салмағымен жаңа салынған жолды да бұзып жатыр. Жол сапасының нашарлап бара жатқанын аудан әкімінің орынбасары Талғат Қыланов та растады. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірігіп Шетпе ауылынан шығатын ауыр жүк көліктерді арнайы өлшеу құралымен тексеріп көрмек болдық. «Негізгі жұмысымыз - республикалық жолды тексеру, ауыр жүк көліктері мөлшерден тыс жүк тиеген жағдайда айыппұл тұрағына жабу», - дейді Көліктік бақылау инспекциясының маманы Ысқақ Өрісбаев. Оның айтуынша, облыстық инспекцияда 32 адам қызмет етеді, оның 14-і ғана жол тексеретін бөлімде. Инспекцияға бөлінген екі автокөліктің біреуі бүгінде бұзылып тұр. Айта кететіні – «Шетпе-Жыңғылды-Таушық-Ақтау» жергілікті маңыздағы жол болғандықтан, көліктік бақылау инспекциясы бұл жолда жүре алмайды екен. «Тексеру онлайн түрде жүргізіледі, Астанадан камера арқылы қадағаланып отырады. Мәселен, өзітиегіштің салмағы жүкпен қосқанда 25 тоннадан аспауы тиіс», - деді ол. Алайда қиыршықтасты асыра тиеген көлікті ұстаудың сәті түспеді. Ұзынқұлақ арқылы арнайы рейдтің жүріп жатқанын естіп қойды ма, білмедік, бірақ жолға шыққан көліктер бағытын бірден өзгертіп, бұрылып кетіп жатты. Осылайша біз де рейдімізді жалғастыру үшін «Жаңаорпа-2»-дегі карьерлерге ат басын бұрдық.Жаңаорпа неге шаң жұтады?
https://www.youtube.com/watch?v=V3JZm_t-CesСонадайдан шаңы бұрқыраған карьер «Шетпе Тас» мекемесіне қарасты өндіріс орны болып шықты. Үсті-үстіне боратқан карьерде біз де тобығымыздан шаңға баттық.
https://www.youtube.com/watch?v=kKMz03CBS3QОның жанындағы «Карьертау» мекемесінің тасуатқыш қондырғысы сөніп тұрғанымен, табаныңды бассаң бұрқ ететін шаңға қарап, «бұл жерде де су себу жолға қойылмаған ба?» деген ойға келдік. Мекеменің қызметкері тасуатқыш жұмыс жасап тұрғанда су себілмейтінін жасырмады. Тек водовозбен карьердің аумағына ғана су шашылады екен. Ал Экология департаменті мемлекеттік бақылау бөлімінің инспекторы Д.Шалхарбаев бұл мекемеге әлі тексеру жүгізілмегенін жеткізді.
Дәл осы Жаңаорпа ауылындағы карьерлер туралы К.Жақыпұлы өзінің жазбасында былай деген еді:
«Бір жылдары менің туған жерім Ескі Шетпені шаңға бұқтырған «МКДСМ» АҚ халықтың тілегін ескеріп, карьерін ауылдан әрі қарай көшірген болатын. Неге сол карьер көшіруді «Жаңаорпа» ауылына қолданбайды? Карьерлердің улы шаңы тіршілік иесіне, жердегі өсімдік, жан-жануарлар мен адам ағзасына зиян екендігі белгілі, шаң салдарынан тұрғындар түрлі тыныс жолдары аурулары мен басқа да ішкі ағза ауруларына ұшырауда...»
«Біз қашып барамыз»
Карьерлерді аралап жүріп, әрі қызық, әрі шыжық жағдайдың куәсі болдық. Жаңаорпадағы карьерлерге қарай жүргенімізде алдымыздан қиыршықтасты асыра тиеген екі көлік шыққан еді. Өндіріс орнынан шыққанымызда олардың да қайтып келе жатқанын көрдік.
«Біз қашып барамыз, - деп шынын айтты жүргізушілердің бірі, - Көліктік бақылау инспекциясынан қашып барамыз. Маған 11 тонна жүк тиеуге ғана болады. Кім мынадай мәшінмен 11 тонна жүк тасиды? Маңғыстаудың барлық жұмысын бітіріп отырған осы мәшін. Мұнда қанша тиелгенін білем ғой. Лажым жоқ. Мен 37 тоннаға шейін тиеймін. Карьерге қайтып барамын, қазір артығын түсіремін».
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63764,63708"]Аудан әкімі не дейді?
Кеш қарая арнайы құрылған топ 7 карьерді ғана аралап үлгеріп, Маңғыстау ауданы әкімі Айтуаров Жармағамбетпен кездесті. Қоғам белсендісі К.Жақыпұлы өз көзімен көріп, куә болған жайттарды баяндап, экология мәселесі күн тәртібінен түспеу керектігін де айтты. Сонымен қатар жергілікті мамандарды карьерге жұмысқа тарту үшін оқытуды қолға алу жайына да тоқталды.
«Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Өзім карьердің мәселесімен көп айналысқан адаммын. Бірнеше рет карьер басшыларының, халықтың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жиындар да өткіздік. Жазғы мезгілдерде түнгі сағат 2-лерде барып та тексердік. Мәселенің екінші жағы бар, осы карьерлерден шығып жатқан қиыршықтас республикалық маңызы бар жолдарды салуға пайдаланылып жатыр. Онда жергілікті мамандар жұмыс жасап жүр», - дейді аудан әкімі Ж. Айтуаров.
Аудан әкімі карьерлерге басты үш талаптың қойылғанын айтты. Алғашқысы – тасуатқыш жұмыс жасап тұрған кезде шаңды болдырмау үшін су себу, 2-шісі – карьерден асфальтқа дейінгі жолды асфальттау, 3-шісі – жүргенде тас ұшпауы үшін жүк көліктерінің төбесін брезентпен жабу.
Жармағамбет Айтуаров көлікке жүкті нормадан тыс тиеуінің салдарынан жолдың да сапасы нашарлап бара жатқанын алға тартты. Арнайы топ мүшелері де бұл мәселені шешу үшін көліктік бақылау инспекциясы, арнайы батальон, аудандық ішкі істер бөлімінің біріккен рейдін жүргізу қажет деген тоқтамға келді.
P.S. Шетпедегі экологиялық мәселені бақылау бір рейдпен шектелмейді. Арнайы құрылған комиссия жұмысын жалғастыра бермек.
P.P.S. Аудан әкімдігінен шыққаннан кейін Ақтауға қарай жол тарттық. Алдымыздан көлік инспекциясынан қашып, артық тиелген қиыршықтасын түсірмек болған әлгі екі көліктің шыға келмесі бар ма? «Карьер қабылдамай қойды», - деп түсіндірді жүргізуші. Осылайша артық тиелген жүк көліктері республикалық жолда заулап бара жатты...
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет және видео Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63677,63687,63686,63676,63679,63678,63692,63694,63710,63684,63696,63682,63697,63691,63708"]