Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5-қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне бірқатар келелі міндеттер жүктелгені анық. Халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатуға бағытталған шаралар кешенінде бұл саланың маңызды екендігін тағы бір айқындап берген Жолдаудан туындайтын мақсат-міндеттер облыстық аурухананада өткен емдеу орындары басшылары мен дәрігерлері жиналған жиында талқыланды. Онда Маңғыстауға арнайы іссапармен келген Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Мемлекет басшысының Жолдауында денсаулық сақтау мәселелері басымды ұлттық жобалардың бірі, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды компоненті екенін атап өткенін қаперге берді.
- Медициналық қызметтердің сапасын арттыру медициналық алғашқы көмекті басымды дамытуды талап етеді, - деді Жандарбек Мұхтарұлы. - Осыған байланысты медициналық алғашқы көмектің шағын нысандарын дамыту және жаңа учаскелерін құру есебінен жалпы практика дәрігерінің жүктемесі төмендейді. Отбасылық дәрігерлік практика дамып, жалпы практика дәрігерінің үлесі 10% ұлғаяды. Биылғы қаңтар айындағы Жолдау аясында біз 30 негізгі ауруды қамтитын, халықтың сырқаттануы мен одан болатын өлімнің 70% айқындайтын «Ауруларды басқару» бағдарламаларына көшеміз. Бағдарлама артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек қызметі жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттердің 30% қамтитын болады. Бұл медициналық көмек сапасын арттыруға, негізгі аурулар кезінде асқынулар мен ауруханаға жатқызу санын азайтуға, сонымен қатар балалар мен жүкті әйелдердің патронажын қамтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта 2019 жылы 7380 дәрігер оқытылатын болады. Оладың арасында терапевтер–1781, жалпы практика дәрігері–5608 адам және 20386 медбикелері. Оқыту медициналық ЖОО мен колледждер базасында іске асырылатын болады. Дәрігерлердің қолжетімділігін арттыру үшін қабылдауға жазылу Үкіметтің электрондық порталы арқылы жүргізіледі. Медициналық мобильдік қосымшалар кеңінен қолданылады. Алғашқы көмектің медицина қызметкерлерін ауруларды басқарудың жаңа технологияларына көшуін ынталандыру мақсатында учаске дәрігері мен медбикелердің жалақысы 2019 жылғы 1-қаңтардан бастап кезең-кезеңмен 20% көтеріледі. Жалақыны арттыру, жаңа жұмыс әдістеріне оқытылуына қарай 10 мың учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикені қамтиды Оқытылғандардың саны 2019 жылдың соңына қарай 100% дейін жеткізіледі. Оқыту үшін 5 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар қазан айындағы Жолдауды іске асыру аясында барлық медициналық ұйымдардың қызметін цифрландыру жалғасатын болады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қағазсыз құжат айналымына толық көшу медицина персоналының шамадан тыс жүктемесін төмендетеді.
Цифрландыру аясында денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында мынадай шаралар жоспарланған: бірыңғай интероперабельділік платформасын өндірістік пайдалануға беру, барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялау; жергілікті электрондық денсаулық паспорттарын ұлттық денсаулық паспорттарымен үйлестіру. Бұл пилоттық ұйымдарда 92%, яғни, 727 ұйымның ішінде 669 ұйымда жүзеге асырылды. Бүгінде 15 миллион халықта электрондық денсаулық паспорттары бар. 2020 жылға қарай халықтың 100%-ы электрондық денсаулық паспорттарымен қамтылады. Бұл әрбір адам қай ұйымға барса да ол адамның денсаулығы туралы объективті деректерге толық қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, медициналық көмек алудың сапасы мен ыңғайлы болуын жақсартады. Электрондық деректердің болуы денсаулық жағдайы туралы анықтама алу және медициналық комиссияларды өту ұзақтығын азайтады.
Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Құрылысты Астана қаласындағы медициналық кластердің қолданыстағы объектілерінің базасында іске асыру көзделген. Бұл оны болашақта Назарбаев Университетінің медициналық мектебімен және басқа да ғылыми орталықтарымен біріктіруге мүмкіндік береді. Орталықта ядролық медицинаны, протондық терапияны, радиохирургияны, жасушалық иммунотерапия мен басқаларды қоса алғанда, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің барлық заманауи технологиялары көзделетін болады.
Сондай-ақ Ж.Бекшин Жолдауды жүзеге асыру аясында сапасыз және денсаулыққа қауіпті тауарларды бақылау және тұрғындарды қорғау бойынша комитет құрылатынын да айтып, дәрігерлер қойған сауалдарға жауап берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА