Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы қаланың 50 жылдық мерейтойына орай «Туған күніңмен, Жаңаөзен!» атты жас суретшілер байқауын ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты - жастардың шығармашылық қырларын ашып, дарынды жастарды анықтау және қолдау. Сонымен қатар, танымдық қызығушылықтарға ынталандыру және туындыларын көпшілікке жария ету арқылы жас суретшілердің белсенділігін арттыру мақсатындағы байқауға сурет салуға қабілеті бар арнаулы оқу орын студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Талапты жастар арасында өткен сурет сайысының ашылу салтанатында "Оқушылар шығармашылық үйінің" мүсіндеу үйірмесінің жетекшісі Тоқтағұл Бахитов құттықтау сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі.
Сайыстың қорытындысы бойынша І орынды Жаңаөзен қаласы әкімдігінің мектеп-гимназия оқушысы Дарина Хайрова (жетекшісі – Нұршат Камалова) жеңіп алды. ІІ орынға №9 орта мектеп оқушысы Зейнеп Өгізбаева (жетекшісі – Айсұлу Анарбаева) ие болса, ІІІ орын №2 орта мектептің оқушысы Фариза Көшербайға (жетекшісі – Зейнеп Айтжанова) бұйырды.
Жеңімпаздар дипломмен, Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ Маңғыстау облысының ақын-жазушыларының шығармалар кітабы, ҚР мемлекеттік рәміздерін насихаттау әдістемелік құралдары сыйға тартылды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ