Қарақия ауданының әкімдігі Құрық ауылындағы су жетіспеушілігі мәселесі 3-4 күнде шешіледі деп уәде берді. Айта кетейік, шілде айының басында ауа райы бірден ысыған бойда Маңғыстаудың әр жерінде тұрғын үйлер мен бау-бақшаларға су жетіспейтіндігі туралы айтыла бастады. Күні кеше фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушылары Құрық ауылының суды водовозбен тасып ішіп отырғаны туралы жазды. Халық үйлеріне шелектеп су тасу үшін кезекке тұруға мәжбүр.
Асқар Имағамбетов есімді желі қолданушысы «Мынау 21 ғасырда Құрық елді мекенінде, яғни 3 шағынауданда 1 айдан астам суды водовозбен ішуден басқа шара жоқ», - деп жазса, Мақсат Ақмұратов есімді қолданушы «Жаздың ыстық мезгілінде 10 мыңға жуық тұрғыны бар Құрыққа судың водовозбен жеткізілуі қаншалықты дұрыс?» деп сауал тастады.
Осы мәселе бойынша Қарақия аудандық әкімдігіне хабарласқан едік. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев ауылда соңғы апталарда су мәселесінің өзекті болып тұрғанын жасырмады. Оның айтуынша, мұндай жағдай Ақтау қаласында да болған.
«Мамандардың айтуынша, күн қатты ысуынан теңіз суының температурасының көтеріліп, «МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» мен «Каспий» су тұшыту зауыты суды қажетті көлемде тұшыта алмаған. Соның салдарынан су жетіспеушілігі пайда болды. Резервуарлар босап, Құрық ауылындағы жоғарғы шағынаудандарға құбырмен су жетпей қалды», - деді Ержан Көпжасарұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтау қаласы әкімдігінде өткен брифингте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС директорының кеңесшісі Қ.Нұржаубайұлы «Өнеркәсіптің теңіз суын тұшытытатын қондырғылары 20 градустық суға есептелген. Ал өткен аптада теңіз суының температурасы 30 градустан асып кеткен. Мұндай жағдайда су өндіру мүмкіндігіміз кішкене шектеліп, 10-15%-ға төмендеді», - деген болатын.
Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиевтың айтуынша, су қысымы 100 пайызға жетпесе кейбір шағынаудандарға бармайды екен. Тұрғындарды ауыз сусыз қалдырмау үшін әкімдік тарапынан водовозбен жеткізуге шешім қабылданған. Бүгінде Құрық ауылы 60 пайызға жуық бөлігіне ауыз су құбыр арқылы берілуде.
«Қазір теңіз суының температурасы төмендеп, Құрық ауылында сағатына 80-90 куб метр су жіберіп отырмыз. Бәріне бірдей су жеткізу үшін ауылда орналасқан су резервуарларын толтыру қажет. Ол үш-төрт күннің ішінде толады. Резервуарлар толған соң ауыл тұрғындарына 100 пайыз құбыр арқылы су бере аламыз», - деді ол.
Мәселені толық шешілетініне уәде берген әкімдік қызметкерлері қазір халықпен кездесіп, мәселенің мән-жайын түсіндіріп жүр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттер әлеуметтік желіден алынды