Ақтау қалалық мәслихатының депутаттары өз сайлаушыларының алдында есеп беру кездесуін бастады. Кеше шаһардың 1 шағынауданынан 12 шағынауданға дейінгі аумақты қамтитын №1 - №8 учаскелердің депутаттары тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Шынында да, бәрі балалар үшін бе?
Тұрғындардың бірі бұрын «Декми» сүт зауыты орналасқан 3 «а» шағынаудандағы №5 балабақшаны мемлекетке қайтару мәселесін көтерді.
«Қазір балабақшаның аумағы көліктердің бей-берекет тұрағына айналған. Осы шағынауданның тұрғындары балаларын басқа шағынаудандарға тасуға мәжбүр. Неге осы балабақшаны мемлекетке қайтарып, қайтадан балабақшаға айналдырмасқа?» - деген сауал қойды.
«Бұл ғимарат сол компанияның жекеменшігіне өтіп кеткен. Ал ғимараты жалға алынған балабақшалардың барлығы қайтарылды», - Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева.
«Сіздің көтерген мәселеңіз орынды. Қазір балабақшаның ғимаратын қайтару үшін келіссөздер жүргізіп келеміз. 2019 жылы мәселе бір жағына шығады», - деді №2 округінен сайланған депутат Б.Түрікпенбаева.
Сонымен қатар мектеп оқушылары қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар 5 шағынаудандағы «Волна» базарының маңындағы көлік қозғалысының қашан реттелетінін сұрады. Шағынауданішілік қозғалысты реттеу мәселесі бойынша қала әкімдігі мен жол полициясы біріккен комиссия құрылатын болды.
Кездесуде тозығы жеткен балалар алаңшаларын жаңарту мәселесі де көтерілді. Қалада қалпына келтірілуі және жөнделуі тиіс спорт және балалар алаңшаларының көптігін айтқан №3 сайлау учаскесінің депутат Марат Молдағұлов мәселені түртіп алғанын, келесі жылға бюджеттен қаражат бөлу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Баспананың жыры бітпейді
Депутаттарға қойылған сұрақтың енді бір бөлігі - тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелеріне арналды. Пәтер иелері кооперативтерінің қызметі, жол мен су жайы тағы да айтылды. 27 қазан күні Ақтауда ПИК жұмысын тексеру жөнінде комиссия құрылған болатын. Тұрғындар комиссияда қалай жұмыс жасап, өз арыздарын қайда беруге болатынын сұрады.
Марат Николайұлының айтуынша, комиссия Ақтау қаласының қоғамдық кеңесі, Ақтау қалалық мәслихаты мен Ақтау қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған. Комиссия тәуелсіз болу үшін оның төрағасы етіп аталған үш органға да кірмейтін, қоғам белсендісі Киікбай Жақыпұлы бекітілген. Комиссия төрағасына екі дауыс құқығы берілген. Комиссия тұрақты жұмыс істейтін болады.
«Шығыс-2» шағынауданының тұрғыны асфальт жол, су мен кәріз жүйесінің жоқтығын айтты.
«Суға да, кәріз жүйесіне де жоба жасақталды. Қазіргі таңда жобаның құны 182 млн теңге. 2019 жылдың бюджетіне енгізілді, келесі жылы құрылысы басталады. Жолдың жобасы дайын тұр. Су құбыры мен кәріз жүйесі асфальттың астында қалатын болғандықтан, кідіртттік. Екі жоба да сәуір айынан бастап іске асады», - деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Маңғыстау Қойшығұлов.
Қашан алмастырушы емес, дәрінің өзі беріледі?
«Диспансерлік есепте тұрғандарға алмастырушы медикаменттер беріліп келеді. Қашан біз дәрінің өзін аламыз?» - деген сұраққа Денсаулық сақтау саласын қадағалау жөніндегі тұрақты комиссияның өкілі жауап берді.
Бұл комиссия Ақтау қаласы қоғамдық кеңесі мен Ақтау қалалық мәслихатының бастамасымен құрылған, құрамында жеті адам бар.
«Тұрғындардан жиі түсетін сұрақтың бірі – есепте тұрғандарға берілетін тегін дәрі-дәрмектің уақытылы берілуі. Маңғыстау облысында 123 803 есепте тұр, 117 686 диспансерлік есепте тұр. Олардың 49-ы бүйрегін, 1-уі жүрегін, 1-уі бауырын ауыстырған, 9 мыңға жуық адам қант диабетімен ауырады, гипертониктер мен мүгедектер бар. 27 қарашада қоғамдық кеңестің жиынында өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпей отырғандықтан, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқарамасы басшылығының өз қызметіне сай еместігі туралы мәселе көтердім. Өзім де мүгедекпін, тиісті дәріні айқаймен аламын. Өтінішті мәслихатқа жолдадық. Бұл мәселе шешімін тапқанша айналысамыз», - деп атап өтті комиссия төрағасы Ш.Ермекбаев.
Ескерте кетелік, бүгін 05 желтоқсан күні депутаттар 12 шағынаудан 30 шағынаудан аралығындағы аумақтың тұрғындарына есеп береді. Кездесу 29 шағынаудандағы №28 мектепте сағат 18.00-де өтеді.
Ал Өмірзақ ауылының, "Приозерный", "Рауан", "Приморский" тұрғын үй массивтерінде сайлаушыларымен 7 желтоқсан күні сағат 18.00-де кездеседі. Есептік кездесу Өмірзақ ауылындағы № 27 мектепте өтпек.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66835,66839,66838,66836,66840,66841,66842"]