©
Жаһан дәрігерлерінің алдында өзекті мәселе болып тұрған АИТВ/ЖИТС ауруы қоғамды дендегені жасырын емес. Бұл қатерлі дертпен дүние жүзі ғалымдары үздіксіз күресіп келе жатыр. Адамның иммун тапшылығы вирусы анықталған отыз жылдан бері 20 миллионнан астам адам осы аурудан ажал құшты. Дегенмен, осынау жылдар ішінде аурудың алдын алу және вирусты таратпау табылды.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және облыстық қан орталығы мамандарымен бірлескен семинар өткізді. Оны орталық директоры Алмабек Бисен ашып, басқосудың мақсаты медицина қызметкерлерінің кәсіби зақымдануының алдын алу, гемотрансфузия/трансплантацияның инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және АИТВ-ға үлгілерді жіберу кезінде медициналық құжаттаманы толық жүргізу екендігін қаперге берді. Ал қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Г.Көркенбаева осы семинарға қатысқан емдеу-алдын алу ұйымдарының қызметкерлері өз әріптестеріне де осындай семинарлар өткізетінін айтты.
Семинарда ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Ж.Махамбетқалиева АИТВ/ЖИТС бойынша ҚР-дағы және Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдай. Клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдарды АИТВ инфекциясының бар-жоғына міндетті құпия медициналық тексеру туралы баяндады. Сондай-ақ ол медициналық ұйымдарда донорлықтың инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайында да егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Ауруханаішілік жұқпаларды, медицина қызметкерлерінің кәсіби жұқтыруының алдын алу, эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ауруханаішілік жұқпаларды қадағалау бөлімінің басшысы Ж.Тілеубергенова жеткізді.
Сондай-ақ семинарда емдеу мекемелері тарапынан АИТВ/ЖИТС анықтау барысында кететін кейбір қателіктер де назардан тыс қалмай, оларды түзету жолдары айтылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА