Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Ақтауда «Ана мен бала» перинаталдық орталығының салтанатты ашылуы болды.
Салтанатты жиында орталық қызметкерлері мен барша аналарды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов жылы лебізін жеткізді.
- Ең алдымен барлығыңызды Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Ералы Лұқпанұлы. - Бүгінгі ашылған орталықтың негізгі мақсаты облыс тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру болып табылады. Мұндағы біліктілігі жоғары медицина қызметкерлері тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетіп, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында аянбай қызмет жасайды деп сенемін. Баршаңызды тағы да қазіргі заманғы талаптарға сай салынған жаңа «Ана мен бала» орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, еңбекте табыс, отбасы бақыты мен берекесін тілеймін. Дәрігерлік анттарыңызға адал болып, халықтың алғысына бөлене беріңіздер.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева маңғыстаулық әріптестеріне құтты болсын айтып, жаңа емдеу мекемесінде жақсы жаңалықтардың көбейетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының ардагері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Бердібек Тұрарбеков және еңбек жолын осы орталықта бастап отырған жас мамандар мерекелік тілектерін айтты.
Құттықтау сөздерден кейін жиналғандар жаңа ғимаратқа кіріп, орталықты аралап көрді.
Жалпы ауданы 28 000 шаршы метрді құрайтын жаңа орталық жеті блоктан тұрады. Ол 250 орынға арналған және заманауи талаптарға сай техникалармен жабдықталған. Мұнда жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге және жоғары қауіпті топтағы босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге, шала туған және салмағы аз балаларға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық және неонаталдық, медициналық-санитарлық және кеңес-диагностикалық көмек көрсетіледі.
Перинаталдық орталықта 442 медицина қызметкері жұмыс істейді. Осындағы 60 дәрігердің 11-і—жоғары санатты. Медициналық жабдықтармен және медицинаға арналған бұйымдармен 90,2% қамтылған. Орталықта әлемнің кез келген нүктесіне онлайн байланыс жүргізу мүмкіндігі бар интеграцияланған операциялық бөлме жабдықталған.
Сонымен қатар «Prismaflex» және «Магѕ» бүйрек және бауыр алмастырушы терапиясына арналған жабдық орнатылған. Келешекте орталықтың өзінің микробиологиялық зертханасы қолданысқа енгізілетін болады. Осы орталықта жүрек ақауымен өмірге келген нәрестелерге кардиохирургиялық ота жасауға да мүмкіндік бар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66744,66745,66746,66750,66747,66748,66749"]