Қазіргі таңда Ақтау қаласында теңіз жағалауын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Жағалауды көркейтіп, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жартасты жағалай соқпақ салынып жатыр. Алайда құрылысшылар бір кедергіге тап болып отыр. Айта кетейік, 4 шағынаудан «Маяк» тұрғын үй массивіндегі жекежайдың иелері бос жатқан жер учаскелерін заңсыз басып алыпты. Олар жартастың эстетикалық келбетін кетіріп, мемлекеттің жерін жекеменшігіне қосып алған.
Бүгін мемлекеттік жерді басып алу фактілерін жою, заңсыз иеленгендерді тиісті жауапкершілікке тартып, жерді мемлекетке қайтару мақсатында Ақтау қаласы 4 шағынаудан «Маяк» тұрғын үй массивінде көшпелі брифинг өткізілді. Шараға жер Ақтау қалалық жер қатынастар бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерұлан Кенған қатысты. Брифингте 4 шағынаудан «Маяк» тұрғын үй массиві бойынша жер учаскелерін заңсыз басып алу мәселесі қозғалды.
«2017 жылы Ақтау қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде, жағалаудағы жекежай иелерінің бос жатқан жер учаскесін пайдаланып отырғаны анықталды. Тиісті шара қолдану үшін Маңғыстау облысының жердің мен қорғалуы мен пайдалануы бақылау басқармасына мәлімет жолданды. Соның негізінде 10 жер учаскесінің иесі жерді заңсыз иеленгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған соң, бір ай мерзім ішінде заңсыз иеленген жер учаскелерін мемлекетке қайтарып, заңдастыру керек еді. Алайда аталған жер пайдаланушылар айтылған нұсқаманы орындамады. Сондықтан 2018 жылдың басында Ақтау қалалық әкімдігі жер пайдаланушыларды сотқа берді», - деді Ерұлан Кенған.
Мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін заңсыз пайдалану фактілерімен күресу қалалық әкімдіктің бақылауында болмақ және қолданыстағы заңнамаларға сәйкес алынады.
Ерұлан Кенған мырзаның айтуынша, қазіргі таңда 10 меншік иесінің 4-уі жер учаскесін өздігімен қалпына келтірді. Ал бір жер учаскесі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Қалған 5 жер учаскесі бойынша соттың шешімі шығып, күшіне енді.
«Енді сот орындаушылар шешімнің орындалуын, яғни жердің қалпына келтірілуін қадағалауы тиіс», - деді ол.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57915,57909,57911,57912,57913,57914,57916"]